Мәдениет күні: сала үздіктері марапатталды

Өнер мен руханиятқа қызмет етіп жүрген мәдениет майталмандары кәсіби мерекеде құрмет төрінен көрінді. 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай облыс әкімі Берік Уәли сала өкілдерімен кездесіп, бірқатар маманға мемлекеттік наградалар мен ведомстволық марапаттар табыстады.
Салтанатты жиында аймақ басшысы мәдениет саласының қоғамдағы орны мен ұлттық құндылықтарды сақтаудағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, өңірде мәдениет саласын дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениетті ұлттың рухани тірегі деп атап өткен болатын. Шынында да, ұлттық болмысымыз бен рухани құндылықтарымыз мәдениет арқылы ұлықталады. Бүгінде Абай облысында жаңа мәдениет үйлері салынып, ауыл клубтары жаңғыртылып, шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсетілуде. Бұл – ел руханияғына жасалған маңызды инвестиция, – деді Берік Уәли.
Шара барысында мәдениет саласында ұзақ жыл еңбек етіп, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген азаматтар марапатталды. «Әмре Қашаубаев» атындағы филармония әртісі Аманжол Самыков пен «Абай атындағы театр» әртісі Азамат Нұрғамысқа «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Сонымен қатар, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының директоры Ұлан Сағадиев Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен және «Алтын барыс» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ сала үздіктеріне «Еңбек ардагері» медалі, «Мәдениет саласының үздігі» және «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері табысталды.
Кездесу соңында облыс әкімі мәдениет және өнер саласы қызметкерлеріне шығармашылық табыс тілеп, олардың өңір руханиятын дамытудағы еңбегіне алғыс білдірді.



