Ертіс бойында ГЭС салынады

Абай облысында гидроэнергетика саласын дамытуға бағытталған маңызды жобаларды жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылды. Өңір басшылығы мен инвесторлар арасында жасалған келісім энергетикалық әлеуетті арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға және аймақ экономикасының дамуына серпін беруі мүмкін.
Облыс әкімі Берік Уәли «JelSu Energy» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шыңғыс Құлжанов бастаған инвесторлар тобымен кездесті. Жиын барысында гидроэнергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланып, облыс әкімдігі мен компания арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Жоспарға сәйкес, меморандум аясында Абай облысы аумағындағы Ертіс өзенінде жалпы қуаттылығы 900 мегаватт болатын Белокаменская, Ақжар және Известковская су электр стансаларын салу көзделіп отыр. Кезең-кезеңімен іске асырылатын жобалар шеңберінде техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленіп, жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланған.
Кездесу барысында «JelSu Energy» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шыңғыс Құлжанов Абай облысының инвестициялық әлеуетіне ерекше тоқталды.
– Абай облысы инвестиция тарту бағытында еліміздегі алдыңғы өңірлердің біріне айналып келеді. Осыған байланысты біз өткен жылы өңірге инвестиция салу туралы шешім қабылдадық. Энергетика – жетекші салалардың бірі. Электр энергиясын өндіру аса маңызды. Гидроэнергетика дамыса, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, туризм және білім беру бағыттары да қарқын алады. Бұл салаға білікті гидротехник мамандар келеді. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз, – деді ол.
Өз кезегінде облыс әкімі Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетикалық қауіпсіздік пен жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселесіне басымдық беріп отырғанын атап өтті.

– Гидроэлектростанциялар салу жобаларын жүзеге асыру өңір үшін стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Биылғы жылдың басынан бері басталған өзара диалогтың жалғасы ретінде бүгін гидроэнергетика саласындағы бірлескен жобалардың перспективаларын талқылап, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып отырмыз. Бұл жобалардың облыс үшін маңызы жоғары, – деді аймақ басшысы.
Облыста инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Биыл инвестициялық пулға енгізілген жобалар саны 29-дан 112-ге дейін өсіп, инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,3 триллион теңгеге дейін ұлғайған. Сондай-ақ 2025 жылы жалпы құны 131,2 миллиард теңге болатын 41 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде өңірде үш мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Гидроэнергетика бағытындағы жаңа бастамалар өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, Абай облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға да ықпал етуі мүмкін.



