Басты жаңалық

Ақ халаттылардың ғылыми алаңы

Семей қаласында алғаш рет Қазақстан Республикасы хирургтерінің ұлттық ғылыми-практикалық «Abai Surgery Plenum» пленумы өтіп жатыр. «Хирургияның өзекті мәселелері» тақырыбындағы ауқымды жиын еліміздің түкпір-түкпірінен келген жетекші хирургтерді, ғалымдарды, медицина саласының сарапшыларын, ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындарының өкілдерін бір алаңға тоғыстырды.

Пленум Семей медицина университетінде ұйымдастырылып, оның ашылуына Абай облысының әкімі Берік Уәли мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов қатысты.

Шараның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли хирургия саласының қоғам үшін маңыздылығына тоқталып, пленумның кәсіби тәжірибе алмасуға, ғылыми байланысты нығайтуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға зор үлес қосатынын атап өтті.

– Хирургия – адам өмірін сақтап қалуға бағытталған аса жауапты сала. Бұл мамандық иелерінен терең білімді, жоғары дәлдікті және үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрбір сәтті операция мен аман сақталған өмір – ел игілігі жолындағы маңызды еңбек. Сіздер бейбіт күннің батырлары деген атқа әбден лайықсыздар, – деді аймақ басшысы.

Пленум барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, медицина ғылымдарының докторлары, профессорлар Жақсылық Досқалиев пен Болатбек Баймаханов бастаған еліміздің белгілі хирургтері баяндама жасап, заманауи хирургияның даму бағыттарын талқылады. Қатысушылар жоғары технологиялық медициналық көмек, трансплантология, хирургиялық қызметті жетілдіру және медициналық ғылымды дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Іс-шара аясында денсаулық сақтау саласының дамуына және Семей медицина университетінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар «Абзал жан», «Адал еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталып, «Құрметті профессор» атағына ие болды.

Бүгінде Абай облысында хирургиялық қызмет жүйелі түрде дамып келеді. Өңірдің стационарлық медициналық ұйымдарында 276 хирургиялық төсек жұмыс істейді. Ересектер хирургиясы, іріңді хирургия, проктология және торакалды хирургия бағыттары бойынша 45 дәрігер-хирург халыққа қызмет көрсетуде.

2025 жылдың қорытындысы бойынша аталған бейіндер бойынша 10 мыңнан астам пациент ем қабылдап, 5 803 операция жасалған. Оның ішінде 1 356 ота жоспарлы түрде орындалса, 4 447-сі шұғыл жағдайларда жүргізілген. Хирургиялық белсенділік көрсеткіші 56,2 пайызды құрады.

Өңірде заманауи медициналық технологияларды енгізуге де басымдық берілуде. Соңғы жылдары Үржар аудандық көпбейінді орталық ауруханасында лапароскопиялық операциялар алғаш рет жасалып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Бородулиха аудандық ауруханасында да лапароскопиялық хирургия тәжірибесі енгізіліп, жас мамандарды даярлау жұмыстары жүргізілуде.

Алғаш рет ұйымдастырылған «Abai Surgery Plenum» пленумы отандық хирургия ғылымының дамуына серпін беріп қана қоймай, өңірдің медицина саласындағы әлеуетін айқындайтын маңызды ғылыми алаңға айналды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button