Семей көшелеріне жаңа техника шығады

Қала тазалығы тек сенбіліктермен емес, заманауи техникамен де қамтамасыз етіледі. Семейде коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, көшелерді күтіп ұстауға арналған жаңа арнайы техникалар қатары толықтырылуда.
Абай облысының әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес мердігер ұйымдар өз техникалық паркін жаңартып, жаңа техника сатып алуда. Осы мақсатта бүгін Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы жолдарды күтіп ұстау және санитарлық тазалыққа жауапты мердігер ұйымдардың базасында болды.

Қазіргі таңда мекемелер 4 заманауи вакуумды-сыпыру техникасы мен 3 қоқыс тасымалдайтын арнайы көлік сатып алған. Бұл техникалар көшелерді сапалы тазалап, коммуналдық жұмыстардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жақын арада тағы 14 арнайы техниканы сатып алу жоспарланып отыр. Оның ішінде жыл бойы пайдаланылатын 10 комбинирленген жол машинасы, 1 автогрейдер, 1 тиегіш және 2 тротуар тазалайтын техника бар.
Қала әкімі коммуналдық қызметтердің жұмыс сапасын арттыру үшін техникалық әлеуетті күшейтудің маңызын атап өтті.
– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен облыс әкімінің тапсырмасы аясында қала тазалығын одан әрі күшейту қажет. Семейдің көшелері мен аулалары әрдайым таза әрі тұрғындарға қолайлы болуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады, – деді Әділет Нұрсағатұлы.

Көшпелі кеңес барысында жауапты бөлімдерге жолдарды уақытылы тазалау, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын тұрақты бақылауда ұстау және техникалардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жаңартылған техника паркі қаланың тазалығын сақтауға және коммуналдық қызметтердің жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек.



