Басты жаңалық

Ақсуаттағы көпір мәселесі шешілді

Ақсуат ауданындағы Құмкөл ауылына апаратын жаңа көпір пайдалануға берілді. Тебіске өзені арқылы өтетін көлік өткелінің ашылуы шекаралық аумақта орналасқан бірнеше елді мекен тұрғындары үшін көптен күткен оқиға болды.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, тұрғындарды маңызды инфрақұрылымдық жобаның іске қосылуымен құттықтады. Көпір Құмкөл ауылына кіреберістегі аудандық маңызы бар автомобиль жолының бойында салынған.

Ұзындығы 55 метр болатын көпірдің құрылысы аясында 832 метр жол толық жаңартылды. Жол төсемі заман талабына сай қайта салынып, қауіпсіздік қоршаулары орнатылды. Сонымен қатар өзен арнасына түсіп-шығуға арналған арнайы баспалдақтар қарастырылған.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімі ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын дамыту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл нысан Құмкөл және Ойшілік ауылдық округтеріндегі төрт мыңға жуық тұрғынды аудан орталығымен тұрақты байланыстырып қана қоймай, шекаралық аймақта орналасқан Қасым Қайсенов пен Хабарасу шекаралық бекеттеріне қатынауды жеңілдетеді.

«Құрылысы бір жыл бойы жүргізілген бұл нысанның стратегиялық маңызы жоғары. Жұмыс сапалы атқарылды. Жаңа көпір тұрғындардың тұрмысын жақсартып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп сенеміз», – деді Берік Уәли.


Жергілікті тұрғындар да көпірдің пайдалануға берілуін қуанышпен қарсы алды. Жергілікті қоғамдастық төрағасы Ерлан Тоқтабаевтың айтуынша, бұл құрылыс екі ауыл арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың күнделікті қатынасын айтарлықтай жеңілдетеді.

Жаңа көлік өткелі облыстық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарымен байланысты жақсартып, қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жүк тасымалының тиімділігін арттырып, шекаралық аумақтардың экономикалық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.

Осылайша, Тебіске өзені арқылы салынған жаңа көпір өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты жобалардың бірі ретінде ел игілігіне қызмет етпек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button