Кітапқа құштар жастардың жеңісі

Кітап оқудың қадірі төмендеп бара жатыр деген пікірлер жиі айтылғанымен, Абай облысында өткен «Артық білім – кітапта…» облыстық байқауы бұл түсініктің жаңсақ екенін көрсетті. Жүздеген жастың басын қосқан білім бәйгесі мәресіне жетіп, кітап арқылы білімін шыңдаған үздіктер анықталды. Байқаудың бас жүлдесі ретінде автокөлік табысталуы жобаның маңызын арттыра түсті.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамаларын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған жоба өңір жастары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Байқауға облыстың аудан-қалаларынан 60 команда қатысып, 300-ге жуық жас бақ сынады. Іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен 11 команда финалға жолдама алды.

Жобаның басты мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, әдебиетке деген қызығушылықты арттыру және білімді, ойлы ұрпақ тәрбиелеу. Осы бағытта «Assyltas» қоғамдық қорының негізін қалаушы, меценат Дулат Тастекейдің қолдауымен және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының серіктестігі арқылы өңірдегі 233 ауыл мектебіне жалпы саны 13 980 дана кітап жеткізілді. Сонымен қатар облыс көлемінде жұмыс істейтін «OQU CLUB» оқу клубының мүшелері кітап оқуды насихаттап, жастардың жобаға белсенді қатысуына ықпал етті.
Байқаудың финалдық кезеңі Ақсуат ауданында өткен «Асыл бесік – Ақсуат» өнер және спорт фестивалі аясында ұйымдастырылды. Финалистер оқыған шығармалары бойынша білімдерін дәлелдеп, әдеби талдау, логикалық ойлау және командалық жұмыс бойынша бақ сынасты.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде – автокөлік Абай ауданының «Жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-нің «Бес асыл» командасына бұйырды. Бірінші орынды Ақсуат ауданының «Кәбеков мектебі» КММ-нің «Assyl bolmys» командасы иеленсе, екінші орын Бесқарағай ауданының «Өндіріс орта мектебі» КММ-нің «Кітап Time» командасына табысталды. Үшінші орын Аягөз ауданының «Қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясы» КММ-нің «Бес тұлға – Бір мақсат» командасына берілді.
Байқаудың ең ерекше сәттерінің бірі – бас жүлде иегеріне автокөліктің табысталуы болды. Бұл сыйлықты Ақсуат өңірінің тумасы, кәсіпкер әрі меценат Қайырлы Қасенов арнайы демеушілік жасап ұсынды. Оның жастардың білімге ұмтылысын қолдауға бағытталған бұл бастамасы қатысушылар мен көрермендердің зор ықыласына ие болды.

Сонымен қатар бірінші орын алған командаға 1 миллион теңге, екінші орынға 700 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Финалдық кезеңге шыққан өзге командалар да арнайы ақшалай марапаттарға ие болды.
«Артық білім – кітапта…» байқауы жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, білім мен руханияттың қоғамдағы орнын тағы бір мәрте айқындады. Кітап оқу мәдениетін дәріптеген жоба жас буынның таным көкжиегін кеңейтіп, зерделі ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды бастамалардың біріне айналды.



