Семейде жаңа қоғамдық кеңістік бой көтеруде

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы «Юность» шағын ауданында салынып жатқан заманауи қоғамдық кеңістіктің құрылыс барысын аралады.
Жоба екі кезеңмен жүзеге асуда. Қоғамдық кеңістіктің ұзындығы 1 шақырымнан асады, аумағы — 52 мың шаршы метр. Көгалдандыру аясында 355 қылқан жапырақты, 788 жапырақты ағаш, 8484 сәндік бұта және 27 мыңнан астам гүл отырғызу жоспарланған.
Мұнда футбол, баскетбол, Workout және балалар ойын алаңдары, демалыс аймақтары, сондай-ақ жасыл желектерге арналған суару жүйесі орнатылады.
Облыс әкімі мердігерге жұмысты сапалы және уақытылы аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, жоба толық іске асқанда бұл аумақ семейліктердің сүйікті демалыс орнына айналады.
Тұрғындар да жаңа демалыс орнының құрылыс сапасына оң бағасын беріп, қаланың көркейіп келе жатқанына ризашылықтарын білдірді.



