Басты жаңалық

Абай облысында нефрологиялық қызмет кеңейіп келеді

Семей қаласында нефрологиялық көмек көрсетудің жаңа кезеңі басталды. Облыс әкімі Берік Уәли Қарағайлы ықшам ауданында орналасқан «BB Nura» нефрологиялық орталығының жұмысымен танысып, медициналық мекеменің қызметін көрді.

Жаңа орталық облыс тұрғындарына нефрологиялық көмектің толық циклін ұсынады. Мұнда тәулік бойы жұмыс істейтін 24 төсектік стационар, 40 орындық амбулаториялық диализ бөлімі және ересектер мен балаларға арналған консультациялық-диагностикалық қызметтер қарастырылған. Орталық созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан пациенттерге тәуліктік және күндізгі стационар жағдайында кешенді медициналық көмек көрсетеді.

Нысан жеке инвестор қаржысына салынған. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 1,5 млрд теңге. Орталықта 40 тұрақты жұмыс орны ашылды. Былтыр қазан айында пайдалануға берілген мекеме бүгінде өңірдегі маңызды медициналық нысандардың біріне айналып отыр.

Нефрологиялық орталықтың өңірлік директоры Индира Әзімбаева орталықтың тұрғындар үшін қолайлы екенін атап өтті.

– Бұл мекеме бүйрек ауруына шалдыққан науқастарға барлық қажетті қызметті бір жерде алуға мүмкіндік береді. Қазір Абай облысында 137 адам бүйрек алмастыру емін алып жүр. Оның 100-і Семей қаласында емделуде. Біз аурудың алдын алу бағытындағы жұмысты күшейтіп келеміз, – деді ол.

Орталықтың Аягөз және Үржар аудандарында бөлімшелері бар. Жақын уақытта Бородулиха ауданында тағы бір филиал ашу жоспарланған.

Аймақ басшысы дәрігерлермен пікірлесіп, жаңа медициналық мекеменің өңір тұрғындары үшін маңызы зор екенін айтты.

– Облыста медициналық инфрақұрылымды дамыту жүйелі түрде жүргізілуде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 60-тан астам алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынды. Сол қатарға Семейдегі бұл нефрологиялық орталық қосылып отыр. Заманауи құрал-жабдықтар тұрғындарға сапалы әрі тиімді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Мұндай жобалар өңірдің денсаулық сақтау жүйесін нығайтып, халықтың өмір сапасын арттырады, – деді Берік Уәли.

Аймақта денсаулық сақтау саласын дамыту жұмыстары жалғасуда. Семей қаласында 100 орындық психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеменің құрылысы аяқталды. Үржар ауданында тері-коронарлық араласу орталығына қосымша ғимарат, Аягөз ауданында магнитті-резонанстық томографқа арналған ғимарат салынуда. Сонымен қатар, «Салауатты ана» пансионаты ашылып, Семейде 300 орындық облыстық көпсалалы клиникалық аурухана салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Медициналық нысандардың көбеюі – өңір халқы үшін сапалы әрі қолжетімді денсаулық сақтау жүйесіне жасалған нақты қадам.

Дереккөз: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button