Жаңашылдық жайлаудан басталады
Жарма ауданында цифрлық шешімдер мен дәстүрлі кәсіпті ұштастырған фермерлік қожалық жұмысын дамытып келеді.

Ауыл шаруашылығы туралы шешім қабылдау бір басқа, ал оның күнделікті тыныс-тіршілігін жайлаудың өзінде көріп, еңбек адамымен жүздесу – мүлде бөлек мәселе. Сондықтан Жарма ауданының Кезеңсу жайлауына жасалған бұл сапар қарапайым жұмыс кестесіндегі кезекті іссапар емес, ауылдағы нақты ахуалды бағамдауға бағытталған қадам ретінде ерекшеленді.
Абай облысының әкімі Берік Уәли шалғайдағы «Дәурен» шаруа қожалығында болып, өндірістің жай-күйімен, енгізілген инновациялық шешімдермен және шаруашылықтың даму жоспарларымен танысты.

1994 жылы құрылған қожалыққа бүгінде жаңашыл фермер Нұртуған Манап жетекшілік етеді. Осы жылдар ішінде шаруашылық дәстүрлі мал өсіру тәсілдерін сақтай отырып, өндіріс тиімділігін арттыратын заманауи технологияларды енгізуге басымдық берген. Соның нәтижесінде бүгінде «Дәурен» Жарма ауданындағы озық шаруашылықтардың біріне айналып отыр.
Қожалық қазақтың ақбас тұқымды ірі қарасын өсіруге маманданған. Қазіргі таңда мұнда 802 бас асыл тұқымды ірі қара бар, оның ішінде 300 аналық мал өсіріледі. Негізгі мақсат – жоғары генетикалық әлеуетке ие асыл тұқымды жас мал өсіріп, отандық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету.

Шаруашылықтың ерекшелігі – технологияны өндірістің барлық кезеңіне енгізуі. Жайылымдардың бір бөлігі электрлі қоршаумен, екінші бөлігі арнайы шарнирлі тормен қоршалған. Мұндай жүйе малдың қауіпсіз жайылуына мүмкіндік беріп қана қоймай, адам күшіне деген тәуелділікті азайтады.
Қоршау ішіндегі автоматтандырылған суару жүйесі күн панельдері арқылы жұмыс істейді. Таңертең сорғы өздігінен іске қосылып, тереңнен су тартады. Соның арқасында жайылымдағы мал тәулік бойы сумен қамтамасыз етіледі. Бұл – табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен еңбек өнімділігін арттырудың нақты үлгісі.
Биыл шаруашылықта тағы бір жаңашылдық енгізілген. Дәстүрлі қақпалардың орнына «Техас қақпасы» орнатылып, көліктердің еркін өтуіне жағдай жасалған. Сонымен бірге малдың қоршаудан шығуына жол берілмейді. Мұндай инженерлік шешімдер уақытты үнемдеп, шаруашылық жұмысын жеңілдетеді.

Қазіргі уақытта қоршалған жайылым көлемі шамамен 1550 гектарды құрайды. Шаруашылықта 19 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істейді, бес адам тұрақты еңбекпен қамтылған.
«Дәурен» шаруа қожалығы өндірістегі нәтижелерімен ғана емес, асыл тұқымды мал сапасымен де танылған. Мұнда өсірілген ірі қара республикалық және халықаралық көрмелерде бірнеше мәрте жоғары бағаланып, жүлделі орындарға ие болды. Бұл – ұзақ жылдық селекциялық жұмыстың және жүйелі еңбектің жемісі.
Фермер облыс әкіміне алдағы инвестициялық жоспарларын да таныстырды. 2026–2027 жылдары жайылымдарды абаттандыру, ауыспалы жайылым жүйесін енгізу және жалпы ұзындығы 200 шақырымға жуық қоршау орнату жоспарланып отыр. Оның алғашқы 24 шақырымы қазірдің өзінде сатып алынған.

Бұдан бөлек, 2027–2028 жылдары қой шаруашылығын дамыту, күн энергиясымен жұмыс істейтін су көтеру жүйелерін кеңейту және автоматтандырылған суару технологияларын енгізу көзделген. Сонымен қатар экологиялық бағыттағы жобаларға ерекше мән беріліп отыр. Ағаш отырғызу, жайылымдарды жақсарту, көпжылдық шөп егу және табиғи су көздерін қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Айта кетерлігі, шаруашылық аумағында 2019 жылдан бері 390-нан астам ағаш көшеті отырғызылған.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі шаруашылықтың тәжірибесіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, мұнда дәстүрлі мал шаруашылығы мен инновациялық технологиялар тиімді үйлесім тапқан. Бұл өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және өңірдегі мал шаруашылығының тұрақты дамуына ықпал етеді.

Бүгінде аграрлық сектордың дамуы тек мал басын көбейтумен өлшенбейді. Ең басты көрсеткіш – технологияны игеру, еңбек өнімділігін арттыру және табиғатты ұқыпты пайдалану. Кезеңсу жайлауындағы «Дәурен» шаруа қожалығы осы бағыттың нақты үлгісіне айналып келеді.
Шалғайдағы жайлауға жасалған бұл сапар да бір маңызды жайтты көрсетті. Ауылдың шынайы тыныс-тіршілігін кабинеттегі есептен емес, еңбек жүріп жатқан жерден көруге болады. Өйткені ауылдың дамуы жайлы нақты пікір де, тиімді шешім де ең алдымен жайлаудан басталады.



