Басты жаңалық

Семей Қала күнін қалай атап өтеді?

Қыркүйек айының ортасында Семей бір апта бойы мерекелік көңіл күйге бөленеді. 14–20 қыркүйек аралығында қалада Қала күніне арналған түрлі мәдени, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Биылғы мерекенің тақырыбы да ерекше – «Семейді сүю – тарихқа бас ию!»

Мерекенің алғашқы күні Семейдің тарихы мен мәдениетіне арналады. 14 қыркүйекте Орталық кітапханада «Туған өлке – тұнған тарих» танымдық quiz-ойыны және «Менің сүйікті қалам» қалалық мобилографтар байқауы өтеді.

15 қыркүйек «Семей – мейірімді қала» күні болады. Бұл күні Биологиялық орталыққа сағат 09:00–17:00 аралығында кіру тегін. Сонымен қатар жалғызбасты, аз қамтылған азаматтар мен зейнеткерлерге аула тазалығына көмек көрсетіледі. Балалар үшін саябақтар мен сауда үйлерінде «Балаларға базарлық» акциясы аясында жеңілдіктер қарастырылған.

16 қыркүйекте жастарға арналған «Arbat Fest» ашық микрофоны ұйымдастырылады. Ал 18 қыркүйекте Мәдениет сарайында «Семей – жүрегімдегі қала» концерті өтеді. Сол жерде «Үздік маман-2026» марапаттары табысталып, сағат 16:00-де күш экстримінен «Семей батыры» ашық турнирі басталады.

19 қыркүйек спортсүйер қауымға арналмақ. Қарағайлыдағы «Арена» мәдени-спорттық кешені аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Сонымен қатар аударыспақтан ашық турнир, аламан, топ бәйге және құнан жарыстары ұйымдастырылады. Кешке «TUNGI RUN – SEMEY» шағын марафоны өтеді.

20 қыркүйек – «Туған қалам – Семейім!» атты қорытынды күн. Орталық саябақта балалардың «Семейім – жүрегімнің төріндесің» шығармашылық байқауы, «Kitap time» кітап марафоны, «Handmade Семей» жәрмеңкесі және кондитерлер арасында үздік аспаздық композиция байқауы өтеді. Ертіс жағалауында ММА ережесі бойынша қоян-қолтық ұрыстан «ARB SEMEY» халықаралық турнирі ұйымдастырылады.

Ал Қала күнінің басты оқиғасы Қарағайлыдағы Республика алаңында өтетін үлкен Open Air гала-концерт болмақ. Сахнада Тұрар Ыдырыс, Айдана Меденова, Айри, Ернар Амандық, сондай-ақ Қырғызстаннан AMIRCHIK, Германиядан NANA DARKMAN және Молдовадан ARSENIUM FROM OZONE өнер көрсетеді. Кешті Жазира Еркін мен DAKE жүргізеді.

Концерт соңында отшашу ұйымдастырылады. Ал Республика алаңына бара алмайтындар үшін гала-концерттің тікелей трансляциясы Арбатта және Мұхтар Әуезов алаңында көрсетіледі.

Осылайша, биыл Семейдің Қала күні бір күндік мерекемен шектелмей, тұтас бір аптаға созылады. Тарих, мәдениет, спорт, жастар бастамалары мен көңілді демалысты біріктірген бағдарламада әр жастағы тұрғынға арналған іс-шара бар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button