Бесқарағайда 400 тонна өнім тұрақтандыру қорына жиналады

Бесқарағай ауданындағы «Стелла» шаруа қожалығы тұрақтандыру қорына ауыл шаруашылығы өнімдерін жинақтауға үлес қосуда.
1995 жылы құрылған шаруашылықтың негізгі бағыты – өсімдік шаруашылығы. Қазіргі таңда мұнда 10 адам еңбек етеді. Шаруашылықтың 437,7 гектар жері бар. Оның 60 гектары егістікке, 261,4 гектары жайылымға арналған.
Биыл тұрақтандыру қорына 400 тонна өнім, оның ішінде 300 тонна картоп пен 100 тонна көкөніс жинау жоспарланған. Өнімді сақтау үшін сыйымдылығы 1000 тонна болатын көкөніс қоймасы пайдаланылады.
Өнім көлемін арттыру үшін «Стелла» шаруа қожалығы 12 шаруашылықпен меморандум жасаған. Жиналған өнім Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына, сондай-ақ Бесқарағай ауданының елді мекендеріне жеткізіледі.
Ауданда ауыл шаруашылығын дамытуға да басымдық беріліп отыр. Биыл егіс көлемі 66 555 гектарды құрады. Сонымен қатар, суармалы егіншілікті дамыту бойынша жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын жобалар жүзеге асырылуда.
Бесқарағайда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Қазір жалпы сыйымдылығы 1000–1500 тонна болатын көкөніс қоймалары жұмыс істейді.



