Аягөзде құны 1,2 млн теңге болатын үш жылқы ұрланды

Аягөз аудандық полициясы құны 1,2 миллион теңгеден асатын үш жылқының ұрлығын анықтады.
Полицияға ауданның 24 жастағы тұрғыны 2025 жылдың қыркүйек айының соңында еркін жайылымда жүрген үш бас жылқысы жоғалып кеткенін айтып шағымданған. Малдың жалпы шығыны 1 200 000 теңгені құрады.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 47 жастағы жергілікті тұрғынды қолға түсірді. Тергеу барысында одан заттай дәлелдемелер тәркіленіп, күдікті өз кінәсін мойындады.
Қазіргі таңда бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктіге қатысты келуге міндеттеме түріндегі процессуалдық шара қолданылған.
Абай облысының Полиция департаменті мал ұрлығымен күрес — басты басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Құқық қорғау органдары барлық осындай фактіні қатаң бақылауда ұстай отырып, тұрғындарға да малды қараусыз қалдырмауға және барынша қадағалау орнатуға кеңес береді.


