Басты жаңалық

Семейдегі жылу нысандары жылыту маусымына дайын

Семейдегі жылу нысандарында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қаладағы негізгі нысандардың бірі – №1 Жылу электр орталығы қазір кез келген уақытта жылу беруге дайын.

1934 жылы пайдалануға берілген жылу электр орталығының орнатылған қуаты – 374 Гкал/сағ, қолданыстағы қуаты – 276,4 Гкал/сағ. Нысан 433 көпқабатты тұрғын үйді, 56 әлеуметтік нысанды, 30 бюджеттік ұйымды және 673 коммерциялық кәсіпорынды жылумен қамтамасыз етеді. Жалпы абоненттер саны – 27 410.

Жылу орталығына тиесілі желілердің жалпы ұзындығы 102,691 шақырымды құрайды. Биыл қазандық жабдықтарына қатысты күрделі жөндеу жұмыстары ертерек басталып, қазір аяқталды. Мамандар нысанның қысқы кезеңдегі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті дайындық шараларын жүргізді.

Сонымен қатар, «343 квартал» орталық жылыту пунктінде реконструкция жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аясында 0,84 шақырым жылу желісін ауыстыру көзделген.

Қазіргі таңда жылу камерасын монтаждау және орталық жылыту пунктінің ішкі құрылыс жұмыстары аяқталған. Алты желілік сорғы мен екі жылу алмастырғышты орнату жұмыстары жүргізілуде.

«343 квартал» орталық жылыту пункті 12 көппәтерлі тұрғын үй мен 24 коммерциялық нысанды жылумен қамтиды. Мұнда 822 абонент бар.

Жылыту маусымы қарсаңында қаладағы жылу инфрақұрылымының тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге басымдық берілуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button