Аппараттық кеңесте өзекті мәселелер қаралды

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік рәміздерді пайдалану талаптарының сақталуы және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жұмыстарының барысы талқыланды.
Кеңеске облыстық басқармалар мен өңірлік департаменттердің басшылары қатысты. Аудан және қала әкімдері жиынға бейнебайланыс арқылы қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша полиция департаменті бастығының орынбасары Қайрат Әбдіғалиев, ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов және табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Дамир Рахымжанов баяндама жасады.

Жиында 2024–2028 жылдарға арналған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Облыста қоғамдық қауіпсіздікті цифрландыру бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылып, Алакөлдің туристік аймағында 224 бейнебақылау камерасы орнатылды. Сонымен қатар Полиция департаментінің Жедел басқару орталығы толық жаңғыртылып, полиция инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру мақсатында аудандық полиция бөлімдерінде фронт-офистер мен модульдік полиция пункттері кезең-кезеңімен ашылып жатыр. Биыл жергілікті бюджет есебінен лизинг арқылы полиция қызметіне 137 жаңа қызметтік автокөлік сатып алынды.
Аймақ басшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды сапалы орындауды, полицияның материалдық-техникалық базасын нығайтуды, цифрлық шешімдерді кеңінен енгізуді және қолға алынған инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы аяқтауды тапсырды.

Кеңесте мемлекеттік рәміздерді пайдалану талаптарының сақталуына жүргізілген мониторинг қорытындылары да қаралды. Биыл Семей мен Курчатов қалаларында, сондай-ақ Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Жаңасемей және Көкпекті аудандарындағы 100-ден астам мемлекеттік мекемеге мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде әдістемелік қолдау көрсетіліп, оқыту семинарлары ұйымдастырылды.
Облыс әкімі мемлекеттік рәміздерді пайдалану кезінде заңнама талаптарын қатаң сақтауды, анықталған кемшіліктерді жедел жоюды және бұл бағыттағы бақылауды күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ кеңесте рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жұмыстарының барысы қаралды. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде облыс аумағында 141 заңсыз қоқыс орны анықталған. Қазіргі уақытта олардың 101-і жойылды. Алайда бірқатар аумақта қоқыс үйінділерінің қайта пайда болу деректері тіркелген.
Осыған байланысты облыс әкімі заңсыз қоқыс орындарының қайта қалыптасуына жол бермеу, санитарлық тазалықты тұрақты бақылауда ұстау және бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.



