29 перзентханада дезинфекция талаптары сақталмаған

Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі босандыру ұйымдарында санитариялық талаптардың сақталуына тексеру жүргізді.
Ведомство 84 босандыру ұйымының 82-сінде тексеру жұмыстарын аяқтады. Оның ішінде 35 перинаталдық орталық пен 47 босандыру бөлімі бар.
Тексеру барысында медициналық ұйымдардағы инфекциялық қауіпсіздік, стерилизация және дезинфекция талаптарының сақталуы, желдету мен сумен жабдықтау жүйелерінің жағдайы бағаланды. Сонымен қатар инфекциялық бақылау талаптарының орындалуы тексеріліп, зертханалық зерттеулер жүргізілді.
Тексеру қорытындысы бойынша 81 санитариялық нұсқама берілді. Сондай-ақ 29 медициналық ұйымда дезинфекциялық-стерилизациялық режимнің бұзылғаны анықталды.
Бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев анықталған кемшіліктерді жоюды және берілген санитариялық нұсқамалардың орындалуын ай сайын бақылауды тапсырды.
Тексерудің келесі кезеңінде балалар ауруханалары қамтылады. Одан кейін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында тексеру жүргізіледі.



