Жаңа Орфографиялық сөздік әзірленеді

Қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу ұлттық жоба ретінде қарастырылмақ. Бұл туралы вице-президент Ерлан Қарин мәлімдеді.
Оның айтуынша, «қыркүйек» пен «қыргүйек» сөздеріне қатысты пікірталас тек тіл мамандарына ғана емес, мемлекеттік аппараттың жұмысына да қатысты мәселе. Себебі қазақ тілі біртіндеп кеңсе және ресми іс жүргізу тіліне айналып келеді.
Жаңа сөздікті әзірлеу үшін белгілі ғалымдар мен тіл мамандарынан арнайы жұмыс тобы құрылады. Дайын еңбек кейін Мекемеаралық комиссияның қарауына ұсынылып, бекітіледі.
Қазіргі Орфографиялық сөздік 2013 жылы жарық көрген. Содан бері қазақ тілінің қолданысына көптеген жаңа сөздер мен терминдер енді. Осыған байланысты сөздікті жаңарту қажеттілігі туындап отыр.
«Асығыстық танытуға болмайды, әрі созып жүруге де уақыт жоқ. Жаңа Орфографиялық сөздікке ұлттық жоба ретінде қарауымыз керек», – деді Ерлан Қарин.



