Басты жаңалық

Жағажайдағы жаз мерекесі

Семей қаласында тұрғындар мен қала қонақтарына арналған «ЖАҒАЛАУ FEST – 2026» жазғы фестивалі ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шара бір уақытта «Заря», «Қалалық» және «Затон» жағажайларында өтіп, жазғы демалыс маусымына ерекше серпін берді.

Биыл Абай облысының әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес Семейдегі үш жағажай толық абаттандырылып, заманауи талаптарға сай жаңартылды. Демалушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында жағажайларға құтқару мұнаралары, шезлонгтар, күннен қорғайтын қолшатырлар, биодәретханалар, киім ауыстыратын кабиналар және қауіпсіз шомылу аймағын белгілейтін арнайы буйкалар орнатылды. Сонымен қатар демалушыларға медициналық пункт қызмет көрсетуде.

Фестиваль аясында барлық жастағы тұрғындарға арналған мазмұнды мәдени-спорттық бағдарлама ұсынылды. Балаларға арналған ойындар мен эстафеталар, спорттық жарыстар, аниматорлардың қатысуымен өткен флешмобтар, жағажай волейболы, көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған көбік кеші және мерекелік концерт көрермендердің көтеріңкі көңіл күйіне себеп болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар тұрғындардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды өткізуге бағытталған. Сонымен қатар жаңартылған жағажай инфрақұрылымы семейліктер мен қала қонақтарына қолайлы жағдай жасап, қаладағы демалыс орындарының сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Фестиваль соңында жағажай волейболы бойынша өткен жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы марапатталып, мерекелік шара жарқын әсермен қорытындыланды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button