Басты жаңалық

Абай облысында БАҚ қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтті

Абай облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, өңірдің ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген журналистер мен медиа саласының өкілдері құрметке ие болды. Мерекелік жиынға бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, саланың ардагерлері, республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері, баспасөз хатшылары, медиа ұйымдардың жетекшілері, қоғам қайраткерлері мен сала серіктестері қатысты.

Іс-шара барысында журналистиканың қоғамдағы орны, ақпарат құралдарының ел өміріндегі маңызы, мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты қалыптастырудағы рөлі ерекше аталып өтті. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пікір қалыптастыруға, тұрғындарды маңызды ақпаратпен қамтамасыз етуге, мемлекеттік саясатты түсіндіруге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын кеңінен насихаттауға қосып отырған үлесі жоғары бағаланды.

Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов облыс әкімі Берік Уәлидің құттықтауын жеткізіп, кәсіби мереке иелеріне ізгі тілегін білдірді.

Құттықтауда журналистердің жауапты қызметі, қоғам алдындағы миссиясы мен елдің дамуына қосып отырған еңбегі ерекше атап өтілді. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіруде, өңірдегі өзекті мәселелерді көтеруде, қоғамдағы оң өзгерістерді насихаттауда және тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді байланысты нығайтудағы рөліне тоқталды.

Облыс әкімінің орынбасары журналистика тек ақпарат тарату ғана емес, қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды институт екенін айтып, өңірдегі медиа қауымдастықтың кәсібилігі мен жауапкершілігіне жоғары баға берді.

Кәсіби мереке қарсаңында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын облыс әкімінің «Журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығының иегерлері марапатталды.

Биылғы байқау өңірдегі өзекті тақырыптарды кеңінен насихаттауға, сапалы журналистиканы қолдауға және шығармашылық ізденісті ынталандыруға бағытталды. Байқауға телеарна, радио, газет, интернет-басылым және ақпарат агенттіктерінің журналистері қатысып, жыл бойы жарияланған үздік материалдарын ұсынды.

Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздар бірнеше номинация бойынша анықталды. Атап айтқанда, «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Ауыл – ел бесігі», «Жасанды интеллект және цифрлық даму», «Білімді ұлт», «Киелі Абай елі», «Объективтегі өмір», сондай-ақ «Еңбек адамы» бағыттарында үздік журналистік материалдар марапатталды.

Әр номинация бойынша жеңімпаз атанған журналистердің еңбегі кәсіби шеберлігі, тақырыпты жан-жақты аша білуі, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеруі, ақпараттың сапасы мен мазмұндылығы, шығармашылық ізденісі негізінде бағаланды.

Сонымен қатар өңірдегі ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының ұжымдары мен журналистеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Марапат иелері көпшілікке сапалы әрі шынайы ақпарат ұсынып, кәсіби міндеттерін адал атқарып жүргені үшін ерекше құрметке ие болды.

Мерекелік жиын барысында журналистика саласының ардагерлері де назардан тыс қалған жоқ. Көп жылдық еңбегі мен кәсіби қызметі үшін белгілі журналист, ақпарат саласының ардагері Марат ЖұмабаевқаҚазақстанның ең жоғары салалық марапаттарының бірі – «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісі табысталды.

Бұл марапат оның журналистика саласын дамытуға, жас буын тілшілерді тәрбиелеуге және өңірлік ақпарат кеңістігінің қалыптасуына қосқан зор үлесінің белгісі ретінде берілді.

Сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағының Алтын медалі қоғам өміріне, ақпарат саласының дамуына және журналистиканы қолдауға қосқан үлесі үшін белгілі меценат әрі кәсіпкер Қайрат Кенжебаевқа табысталды.

Марапаттау рәсімі барысында Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамоталары да өз иелерін тапты. Сонымен қатар ақпарат саласында табысты еңбек етіп жүрген бірнеше журналист Қазақстан Журналистер одағының қатарына салтанатты түрде қабылданды.

Іс-шарада журналист мамандығының қоғамдағы маңызы, сөз бостандығы, кәсіби этика, шынайы ақпарат тарату мәдениеті және қазіргі заманғы медианың даму үрдістері туралы да айтылып, сала ардагерлерінің жастарға қалдырған мол тәжірибесі ерекше аталып өтті.

Жиын барысында қатысушылар журналистиканың цифрлық дәуірдегі өзгерістері, жаңа медиа құралдарының дамуы, әлеуметтік желілердің ықпалы және кәсіби журналистиканың қоғам үшін маңыздылығы жөнінде пікір алмасты.

Мерекелік кештің ерекше сәттерінің бірі – Мемлекет басшысының бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне көрсетіп отырған қолдауының тағы бір көрінісі болды.

Айта кетейік, дәл осы күні Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен еліміздің журналистика саласын дамытуға сіңірген еңбегі үшін «Абай» республикалық фольклорлық-этнографиялық әдеби-көркем журналының директоры Райхан Шарапиева «Құрмет» орденімен марапатталды.

Мемлекеттік награданы Райхан Шарапиева Ақордада өткен салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан қабылдады.

Бұл марапат тек бір журналистің немесе бір басылымның жетістігі ғана емес, жалпы Абай облысының журналистика саласына берілген жоғары баға ретінде қабылданды. Өңірдің ақпарат кеңістігін дамытуға үлес қосып жүрген журналистер бұл марапатты үлкен мақтанышпен қабылдап, алдағы уақытта да қоғам игілігі жолында адал қызмет ететіндерін жеткізді.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара шығармашылық қауым өкілдерінің еңбегіне құрмет көрсетіп қана қоймай, кәсіби журналистиканың қоғамдағы орны мен маңызын тағы бір мәрте айқындаған тағылымды кездесу болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button