Басты жаңалық

Абай облысында медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Бүгін Семей қаласында медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Абай атындағы әмбебап кітапханада ұйымдастырылған мерекелік жиынға облыс әкімі Берік Уәли, денсаулық сақтау саласының ардагерлері, тәжірибелі дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ өңірдегі емдеу мекемелерінің басшылары қатысты.

Салтанатты шарада ақ халатты абзал жандардың адам өмірі мен денсаулығын сақтаудағы ерен еңбегі ерекше аталып өтіп, сала мамандарына мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды.

Облыс әкімі Берік Уәли медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы орны әрдайым ерекше екенін айтты.

Аймақ басшысы қазіргі заманғы денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуы, халықтың өмір сүру ұзақтығының артуы, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасының жақсаруы ең алдымен осы сала мамандарының біліміне, тәжірибесіне және жанқиярлық еңбегіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Дәрігер мамандығы – ең ізгі әрі ең жауапты кәсіптердің бірі. Сіздер күн сайын адам өмірі үшін күресіп, талай жанға үміт сыйлап, көптеген отбасының бақыты мен қуанышын сақтап келесіздер. Кәсіби шеберліктеріңіз, өз ісіңізге деген адалдықтарыңыз, мейірімдеріңіз бен жанашырлықтарыңыз мыңдаған адамның тағдырына оң өзгеріс әкеліп, азаматтардың медицина саласына деген сенімін нығайтып келеді.

Қандай жағдайда болмасын адам денсаулығын бірінші орынға қойып, күрделі операциялар кезінде, ауыр дертпен күресте, шұғыл медициналық көмек көрсетуде, ана мен баланың өмірін сақтап қалуда, ауыл-аймақтарда халыққа қызмет көрсетуде өз міндеттеріңізді абыроймен атқарып келесіздер. Бұл – үлкен ерлік пен шынайы жанашырлықтың көрінісі.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ақордада медицина қызметкерлерімен кездесуде ұлт саулығы мемлекет үшін ең басты құндылық екенін ерекше атап өтті. Президент медицина саласын дамыту, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, заманауи ауруханалар салу, жаңа технологияларды енгізу және медициналық білім сапасын арттыру мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі екенін айтты. Бұл – денсаулық сақтау саласына көрсетіліп отырған зор сенім мен қолдаудың нақты дәлелі.

Облысымызда да денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Біз медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңа нысандар салу, ауылдық медицинаны дамыту, заманауи құрал-жабдықтар сатып алу, жас мамандарды қолдау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз.

Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір отаңыз сәтті өтсін, әрбір науқастарыңыз сауығып кетсін. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс, кәсіби жетістіктер мен жаңа белестер тілеймін», – деді Берік Уәли.

Шара барысында Мемлекет басшысының медицина саласы қызметкерлеріне көрсетіп отырған қолдауы ерекше атап өтілді.

Айта кетейік, дәл осы күні Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан бірқатар медицина қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Солардың қатарында Абай облысының мақтанышы, облыстық перинаталдық орталық қызметінің басшысы, тәжірибелі дәрігер Гүлжазира Дүйсекенова да бар. Ол ана мен бала денсаулығын қорғау саласындағы көпжылдық жемісті еңбегі үшін Мемлекет басшысының қолынан «Шапағат» медалін алды. Бұл марапат өңір медицинасы үшін зор мәртебе әрі барлық дәрігерлердің еңбегіне берілген жоғары баға ретінде қабылданды.

Мерекелік жиында облыстың денсаулық сақтау жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан сала қызметкерлеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды.

Семей қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері Ержан Шамшин мен облыстық қан орталығының директоры Айгүл Әлжанова «Құрмет» орденімен марапатталды.

Сонымен қатар бірқатар дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медальдары мен төсбелгілері, сондай-ақ «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілді.

Марапаттау рәсімі барысында өңірдің денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп келе жатқан дәрігерлердің, фельдшерлердің, мейіргерлердің, зертхана қызметкерлерінің, санитариялық авиация мамандарының және басқа да медицина саласы өкілдерінің кәсіби еңбегі жоғары бағаланды.

Салтанатты шараның ең маңызды оқиғаларының бірі – өңірдегі медициналық ұйымдарға жаңа санитарлық автокөліктерді табыстау рәсімі болды.

Облыс әкімі өңірдегі 13 медициналық ұйымға 70 жаңа санитарлық автокөліктің кілтін тапсырды.

Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, әсіресе шалғай ауылдардағы тұрғындарға жедел қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, осы жылдың басында Семей қаласындағы облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына 10 жаңа санитарлық автокөлік, кейін тағы 20 арнайы техника берілген болатын.

Осылайша соңғы кезеңде облыстың медициналық ұйымдары жалпы саны 100 жаңа санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілді. Бұл өңірдің жедел медициналық жәрдем қызметін жаңғырту бағытындағы ең ауқымды жобалардың бірі саналады.

Облыста денсаулық сақтау саласын кешенді жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып келеді.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Абай облысының тоғыз ауданында жалпы саны 65 жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынып, пайдалануға берілді.

Жаңа медициналық нысандар ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.

Мақаншы ауылында күндізгі стационары, зертханасы, әйелдер консультациясы және диагностикалық кабинеттері қарастырылған заманауи дәрігерлік амбулаторияның құрылысы толық аяқталды.

Сонымен қатар Үржар аудандық көпсалалы орталық ауруханасының базасында тері арқылы коронарлық араласулар орталығының жаңа қосымша ғимаратының құрылысы басталды.

Бұл нысан іске қосылғаннан кейін өңір тұрғындары жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу бойынша жоғары технологиялық медициналық көмекті өз өңірінде алуға мүмкіндік алады.

Ал Аягөз аудандық көпбейінді орталық ауруханасында магниттік-резонанстық томограф орналастыруға арналған арнайы ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын.

Жаңа диагностикалық жабдықтарды іске қосу ауруларды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігін кеңейтіп, медициналық қызметтің сапасын едәуір арттырады.

Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде.

2025 жылы облыстың медициналық ұйымдары үшін жалпы құны 6,5 миллиард теңгеден асатын 2 996 дана медициналық құрал-жабдық сатып алынды.

Олардың ішінде 1,8 миллиард теңгеге алынған 31 жоғары технологиялық медициналық аппарат ерекше маңызға ие.

Бұл құрал-жабдықтар күрделі операциялар жүргізуге, дәл диагностика жасауға және жоғары технологиялық емдеу әдістерін енгізуге мүмкіндік береді.

Биыл да бұл жұмыс жалғасады.

Жыл соңына дейін 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыға тағы 12 бірлік заманауи медициналық жабдық сатып алу жоспарланған.

Қазіргі уақытта өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында жалпы саны бес ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Семей қаласында 300 орындық облыстық көпбейінді аурухананың, 200 орындық облыстық көпбейінді балалар ауруханасының және жаңа облыстық қан орталығының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Бұл жобалар іске асқаннан кейін өңір тұрғындары үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі айтарлықтай артады.

Жас мамандарды даярлау және оларды өңірге тарту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде.

Өткен жылы облыстық бюджет есебінен өңірдің 200 мектеп түлегіне облыс әкімінің білім гранты бөлінді.

Соның ішінде 45 грант медицина саласының 11 түрлі мамандығына қарастырылды.

Бұл болашақта өңірдегі дәрігер тапшылығын азайтуға және ауылдық жерлердегі кадр мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі биыл медицина мамандықтарына бөлінетін облыс әкімінің гранттарының саны тағы да ұлғайтылатынын атап өтті.

Шара соңында медицина саласының ардагерлері мен жас мамандары кәсіби мерекеге арналған концерттік бағдарламаны тамашалап, әріптестерін мерекемен құттықтады.

Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өңірдегі денсаулық сақтау саласының бүгінгі жетістіктерін қорытындылап қана қоймай, медицина қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапты еңбегіне көрсетілген зор құрметтің айқын көрінісіне айналды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button