Белгілі суретші қандай жоба ұсынды?

Абай облысының әкімі Берік Уәли белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қоңыртай Мұхамедиевпен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі бейнелеу өнерін дамыту, ұлттық мәдени мұраны насихаттау және жас суретшілерге қолдау көрсету мәселелері талқыланды.
Қоңыртай Мұхамедиев — халықаралық «Тұран» сыйлығының лауреаты, ҚР Суретшілер одағының мүшесі және «Қазақ өнері» бес томдық жинағының авторы. Кездесуде қазақ өнерінің тарихын, рухани құндылықтарын кеңінен дәріптеу бағытындағы бастамалар сөз болды.
Суретші өз кезегінде өңір мәдениетін дамытуға қатысты ұсыныстарын айтып, алдағы шығармашылық жоспарларымен бөлісті. Ол Семейде ядролық сынақ полигоны зардаптарына арналған музей-кешенінің жобасы әзірленіп жатқанын жеткізді.
Аймақ басшысы суретшінің ұлттық өнерді дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, шығармашылық еңбегіне табыс тіледі. Сонымен қатар кездесуде көтерілген ұсыныстар мен бастамалар назарға алынатынын айтты.
Берік Уәли өңірдегі мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы Абайдың 180 жылдығы аясында алғаш рет 10 күндік форматта мәдени-рухани және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында семейлік ақын-жазушылар мен өнер адамдарының 25 кітабы жарық көрді. Өңірдегі сегіз мәдени нысанға жөндеу жүргізіліп, екі ауылдық клуб ашылған.
Биыл да мәдениет саласындағы жұмыстар жалғасады. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 30 ауылдық кітапхана жаңғыртылмақ. Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай алаш қайраткерлерінің балаларға арналған аудармалары топтастырылған 35 кітап жарық көреді.



