Көкпекті ауданында «Көпесов Қонысбай ата – ел рухы, ұрпаққа үлгі» атты республикалық спорттық-мәдени іс-шара өтті

Көкпекті ауданының орталығы – Көкпекті ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, Көкпекті өңірінің тумасы Қонысбай Көпесұлының 100 жылдығына арналған «Көпесов Қонысбай ата – ел рухы, ұрпаққа үлгі» атты республикалық спорттық-мәдени, танымдық іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай өткен тағылымды жиынға еліміздің әр өңірінен келген спортшылар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, аудан тұрғындары мен қонақтар қатысты.
Салтанатты ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, көпшілікті мерейтойлық іс-шарамен құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігі мен елге сіңірген еңбегін ұлықтаудың маңыздылығына тоқталып, мұндай тағылымды шаралардың жастарға патриоттық тәрбие берудегі рөлі ерекше екенін атап өтті.
«Бүгінгі басқосу – халқымыздың тарихын ұлықтап, елге өнеге болған тұлғаларды дәріптеуге арналған тағылымы терең іс-шара. Бұл – өткенге тағзым ғана емес, бүгінгі ұрпаққа жауапкершілік жүктейтін, келешек буынға бағыт-бағдар беретін маңызды рухани мереке. Ең алдымен, Қонысбай Көпесұлының 100 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде ұйымдастырған Көпесовтер әулетіне және Көкпекті ауданының әкімдігіне облыс тұрғындары атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз бейбітшілік пен тыныштық үшін жанын қиған, майданнан оралмаған қаһармандардың рухына тағзым етеміз. Майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне зор құрмет пен алғыс білдіреміз», – деп атап өткен болатын. Шынында да, Отан үшін от кешкен Қонысбай ақсақалдың есімі ел жадында мәңгі сақталады. Бүгінгі мерейтой – бір әулеттің ғана қуанышы емес, бүкіл халықтың тарихына, ұлттық жадына көрсетілген құрметтің айқын көрінісі», – деді Берік Уәли.
Іс-шара аясында қазақтың ұлттық ат спорты ойындары ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген жүйріктер бақ сынады. Ең тартысты жарыстардың бірі – Ақсуат ауданының шекарасынан бастау алған 100 шақырымдық «Толағай тұлпары» аламан бәйгесі болды. Аламанға Қырғыз Республикасынан, сондай-ақ Маңғыстау, Алматы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және еліміздің өзге де облыстарынан келген сәйгүліктер қатысты.
Бәйге қорытындысы бойынша бас жүлдені Маңғыстау облысынан келген «Бесжүйрік» тұлпары жеңіп алып, иесіне Changan автокөлігі табысталды. Екінші орынды Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданынан келген «Құлагер», ал үшінші орынды Қостанай облысынан қатысқан «Жиренқасқа» тұлпары иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли қатысып, арнайы сыйлықтар мен дипломдарды салтанатты түрде табыс етті. Аймақ басшысы ұлттық спорт түрлерін дамыту, дәстүрлі бәйге мәдениетін дәріптеу және жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Мерекелік бағдарлама аясында сондай-ақ 25 шақырымдық аламан бәйге мен 15 шақырымдық топ бәйгеұйымдастырылып, шабандоздар жоғары дайындықтарын көрсетті. Жарыстар көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырып, ұлттық спорттың кеңінен насихатталуына ықпал етті.
Спорттық сайыстармен қатар мәдени-танымдық бағдарламалар ұйымдастырылып, Қонысбай Көпесұлының өмір жолы мен ерлігіне арналған көрмелер, естелік кездесулер мен концерттік бағдарламалар өтті. Қатысушылар батырдың ел алдындағы еңбегіне тағзым етіп, оның өнегелі ғұмыры бүгінгі ұрпақ үшін патриотизмнің, елге адал қызмет етудің және ұлттық рухтың жарқын үлгісі екенін атап өтті.
Осындай тағылымды іс-шаралар тарихи тұлғалардың есімін ұлықтап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге және ел бірлігін нығайтуға қызмет етеді. Қонысбай Көпесұлының ғасырлық мерейтойына арналған республикалық спорттық-мәдени жиын Көкпекті өңірінің ғана емес, бүкіл елдің рухани өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды.


