Алакөлдегі ахуал тәулік бойы бақылауда
Алакөлдегі туристік аумақтың негізгі нүктелері бірыңғай цифрлық бақылау жүйесіне біріктірілді.

Алакөл көлінің туристік аймағындағы қоғамдық қауіпсіздік жаңа деңгейге көтерілді. Абай облысында Зияткерлік жедел басқару орталығы іске қосылып, туристік аумақтағы барлық негізгі нысандар бірыңғай цифрлық бақылау жүйесіне біріктірілді. Енді жағалаудағы ахуал тәулік бойы жасанды интеллекттің көмегімен бақыланып, қауіпсіздікке қатысты кез келген жағдайға жедел әрекет ету мүмкіндігі артты.
Жобаның басты ерекшелігі – барлық бейнебақылау жүйесінің бір орталыққа шоғырландырылуы. Соның арқасында облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы басқару орталығынан Алакөлдегі жедел ахуалды нақты уақыт режимінде бақылап, жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіре алады. Бұл басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға және төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Зияткерлік жедел басқару орталығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алакөл көлінің туристік аймағындағы қауіпсіздік деңгейін күшейту және туристік инфрақұрылымды жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында құрылды. Сондай-ақ жоба 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы шеңберінде өңірде жүзеге асырылып жатқан цифрлық трансформация жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі саналады.
Жаңа орталық тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін жоғары технологиялық аппараттық-бағдарламалық кешенмен жабдықталған. Мұнда төрт кәсіби 55 дюймдік экраннан тұратын бейнеқабырға, операторлардың автоматтандырылған жұмыс орындары және үлкен көлемдегі бейнеақпаратты нақты уақыт режимінде өңдейтін жоғары өнімді серверлік кешен орнатылған.
Бірыңғай жүйеге барлығы 224 бейнебақылау камерасы қосылған. Оның ішінде 165 зияткерлік стационарлық камера, 31 жоғары жылдамдықты бұрылмалы PTZ-камера, 22 жылу бейнелеу камерасы және көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерін автоматты түрде танитын 4 арнайы камера жұмыс істейді.

Камералар туристік аймақтың негізгі көшелерін, жағалау бөлігін, қоғамдық кеңістіктерді, автотұрақтарды, көлік кіреберістерін және адамдар көп шоғырланатын орындарды толық қамтиды. Барлық бейнеағын бірыңғай басқару орталығына жіберіліп, жасанды интеллект технологиялары арқылы үздіксіз талданады.
Жүйе қоғамдық тәртіптің бұзылуын, адамдардың жаппай жиналуын, тыйым салынған аумақтарға кіруді, қалдырылған заттарды, түтін мен өрт белгілерін, сондай-ақ судағы қауіпсіздікке байланысты тәуекелдерді автоматты түрде анықтайды. Қауіпті жағдай тіркелген сәтте операторлар мен жедел қызметтерге бірден хабарлама жіберіліп, оқиғаға ден қою уақыты айтарлықтай қысқарады.
Кешеннің мүмкіндіктері мұнымен ғана шектелмейді. Жасанды интеллект адамның фотосуреті арқылы іздеу жүргізуге, көлік құралдарының мемлекеттік нөмірлерін тануға, олардың маркасы мен түсін анықтауға, адамдар мен көлік қозғалысының қарқындылығын есептеуге, виртуалды шекаралардың бұзылуын бақылауға, буй сызығынан асып жүзу фактілерін тіркеуге, акваториядағы жүзу құралдарын анықтауға және архивтік бейнематериалдардан қажетті ақпаратты қысқа уақыт ішінде табуға мүмкіндік береді.
Барлық бейнеақпарат орталықтандырылған серверлерде сақталады. Бұл құқық қорғау органдарына оқиғаларды қайта талдап, дәлелдемелік базаны жедел қалыптастыруға және қажетті бейнежазбаларды бірнеше минут ішінде алуға жағдай жасайды.

Жүйенің тағы бір маңызды артықшылығы – оның ашық архитектурасы. Мамандардың айтуынша, қолданыстағы инфрақұрылымды өзгертпей-ақ жасанды интеллекттің жаңа функцияларын кезең-кезеңімен енгізуге болады. Болашақта адамның құлауын автоматты анықтау, темекі шегу фактілерін тіркеу, жеке қорғаныс құралдарының қолданылуын бақылау, келушілердің қозғалыс картасын жасау, көлік ағындарын терең талдау және басқа да интеллектуалды сервистерді іске қосу жоспарланған.
Алакөл – жаз мезгілінде жүздеген мың турист келетін еліміздің ең ірі демалыс аймақтарының бірі. Сондықтан мұнда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі ерекше маңызға ие. Зияткерлік жедел басқару орталығының іске қосылуы туристік аумақтағы қоғамдық тәртіпті күшейтіп қана қоймай, цифрлық технологиялардың көмегімен өңірді басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Бұл жоба Абай облысында қоғамдық қауіпсіздік жүйесін цифрландыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Заманауи технологиялардың енгізілуі жауапты қызметтердің өзара іс-қимылын жеделдетіп, туристер үшін қауіпсіз әрі жайлы демалыс ортасын қалыптастыруға негіз болады.



