Салаға серпін: 53 жаңа көлік

Бүгін Семейдегі Шәкәрім университетінде Ветеринария қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға Абай облысының әкімі Берік Уәли, ветеринария саласының мамандары мен сала ардагерлері қатысты.
Аймақ басшысы ветеринария қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың өңірдегі эпизоотиялық тұрақтылықты сақтауға, мал шаруашылығын дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ветеринария саласының әлеуетін арттыру және материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Салтанатты жиында сала үздіктері мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды. Сонымен қатар өңір тарихында алғаш рет ветеринариялық қызметке 53 жаңа автокөліктің кілті табысталды. Оның ішінде JAC T-8 қызметтік көліктері, ветеринариялық пункттерге арналған «Нива» автокөліктері, мал тасымалдайтын арнайы техникалар, дезинфекция жүргізуге арналған көліктер және ветеринариялық препараттарды тасымалдауға арналған арнайы автокөлік бар.
Бұдан бөлек, ветеринариялық ұйымдар 77 тоңазытқышпен, 260 термочемоданмен және 74 компьютерлік техника жиынтығымен қамтамасыз етілді. Бұл жаңарту шалғай ауылдардағы ветеринарлардың жұмыс тиімділігін арттырып, мал ауруларының алдын алу шараларын уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Берік Уәлидің айтуынша, ветеринария саласына соңғы рет жаңа техника 2013 жылы берілген. Биыл қолға алынған жаңғырту жұмыстары сала мамандарының еңбек жағдайын жақсартып, ветеринариялық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.



