Қаладан-ауылға

Бесқарағайға бет бұрғандар көбейді

Абай облысында жүзеге асып жатқан «Қаладан – ауылға» жобасы нақты нәтиже бере бастады. Соның бір дәлелі – Бесқарағай ауданына еліміздің әр өңірінен ондаған отбасының қоныс аударып, тұрақты жұмысқа орналасуы.

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Қаладан – ауылға» жобасы ауылдық елді мекендердің тынысын ашып, халық санын арттыруға және білікті мамандарды тартуға ықпал етуде. Жобаны табысты іске асырып жатқан аудандардың бірі – Бесқарағай.

Жыл басынан бері ауданға еліміздің түрлі өңірлерінен 41 отбасы, жалпы саны 135 адам қоныс аударды. Олардың қатарында 13 жас отбасы, 7 толық емес және 2 көпбалалы отбасы бар. Жаңа тұрғындар Семей, Астана, Алматы, Павлодар, Өскемен, Қарағанды, Қызылорда, Талдықорған, Ақсу, Екібастұз және Шортанды қалаларынан келген.

Қоныс аударған барлық отбасы тұрақты жұмыспен қамтылды. Оның 16-сы жеке кәсіпорындарға, 25-і мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасқан. Бүгінде олар орман шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, құқық қорғау, мемлекеттік басқару және төтенше жағдайлар салаларында еңбек етіп жүр.

Бағдарламаны жүзеге асыруға аудан кәсіпкерлері де белсенді атсалысуда. «Қалиқанұлы» шаруа қожалығы мен «BI Agro Group» серіктестігі қоныс аударушыларды жұмыспен қамтып, жаңа ортаға бейімделуіне қолдау көрсетіп келеді.

Жоба аясында халық саны азайып, мектептердің жабылу қаупі бар Қоянбай, Кривинка, Башкөл және Жетіжар ауылдарына ерекше назар аударылған. Бұл ауылдарға жаңа тұрғындарды тарту әлеуметтік инфрақұрылымды сақтап, елді мекендердің дамуына серпін бермек.

Ауданда қоныс аударушыларға кеңес беретін арнайы колл-орталық та жұмыс істейді. Мұнда азаматтарға көшу тәртібі, жұмыспен қамту, тұрғын үй және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша жан-жақты ақпарат ұсынылады.

Айта кетейік, «Қаладан – ауылға» жобасы басталғалы бері Абай облысына жалпы 298 отбасы немесе 966 адам қоныс аударған.

Back to top button