Басты жаңалық

Бородулиха ауданына жаңа әкім тағайындалды

Абай облысының әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданының активіне ауданның жаңа әкімі Талғат Батырұлы Мұратовты таныстырды.

Жиын барысында облыс әкімі жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар әкімдерін тағайындау тәртібі өзгергенін атап өтті. Енді аудан және қала әкімдері облыс әкімінің өкімімен, тиісті мәслихаттардың келісімі негізінде тағайындалады.

Осыған сәйкес, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Бородулиха аудандық мәслихаты депутаттарының келісімімен Талғат Батырұлы Мұратов Бородулиха ауданының әкімі болып тағайындалды. Бұл – жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Абай облысында жүзеге асқан алғашқы аудан әкімі тағайындауы.

Берік Уәли Талғат Мұратовтың мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинақтаған білікті басшы екенін атап өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Бородулиха ауданы аграрлық сектор, орман шаруашылығы және тау-кен өндірісі дамыған, облыс үшін стратегиялық маңызы бар шекаралық өңір саналады. Сондықтан ауданның тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.

Облыс әкімі жаңа әкімге жүктелген міндеттерді сапалы орындап, аудан тұрғындарымен бірлесе жұмыс істейтініне сенім білдірді.

Талғат Батырұлы Мұратов еңбек жолын бизнес саласында бастаған. Әр жылдары Бесқарағай және Жарма аудандарында, Семей қаласында түрлі жауапты қызметтер атқарып, Бесқарағай ауданы мен Семей қаласының әкімі болды. Сондай-ақ облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған. 2026 жылдың ақпан айынан бастап осы уақытқа дейін Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button