Сауда инфрақұрылымы жаңартылуда

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірқатар сауда нысандарын аралап, бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысымен танысты.
Аймақ басшысы алдымен «Нива» сауда үйінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Қазіргі уақытта нысанда ішкі әрлеу толық аяқталып, электр желілері жаңартылған, сауда залының төбе жабыны ауыстырылған. Сонымен қатар ғимарат маңындағы заңсыз орнатылған сауда павильондары алынып тасталған. Алдағы уақытта қасбетті әрлеу, сырлау және кіреберіс бөлігін жаңарту жұмыстары аяқталып, сауда үйін тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бұдан кейін облыс әкімі «Жансая» базарына барып, жаңғырту және абаттандыру жұмыстарының барысын тексерді. Қазір мұнда ғимараттың қасбеті мен кіреберіс бөлігі жаңартылып, оған іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жобаны қыркүйек айында аяқтау көзделген.
Берік Уәли сауда орындарының басшылары мен қала әкімдігіне барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Ол халыққа қызмет көрсететін нысандардың заманауи талаптарға сай болуы маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, облыс әкімі осы жылдың сәуір айында аталған сауда нысандарын аралап, олардың санитарлық жағдайы мен сыртқы келбетін жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Бүгінде сол тапсырмалар аясында жаңғырту жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр.
Жүргізіліп жатқан өзгерістерді қала тұрғындары да оң бағалап, сауда орындарының заманауи келбетке ие болып келе жатқанын атап өтті.



