Вокзал құрылысы бақылауда

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысып, нысандағы құрылыс қарқынын бағалады.
Ғасырдан астам тарихы бар вокзал ғимараты 1915 жылы пайдалануға берілген. Осы уақыт ішінде мұнда 1972 жылы қайта жаңарту, ал 2013 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі жаңғырту жобасы аяқталғаннан кейін вокзалдың жалпы аумағы 4,7 мың шаршы метрге дейін кеңейіп, жолаушыларға арналған инфрақұрылым едәуір жақсарады. Сондай-ақ ұзындығы 143 метр болатын жаңа жаяу жүргіншілер өткелі салынады.
Қазір құрылыс алаңында жұмыс екі ауысымда ұйымдастырылған. Жөндеу кезеңінде жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін вокзал аумағында уақытша күту орны жұмыс істеп тұр.
Нысанды аралау барысында облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, теміржол вокзалдарын жаңғырту – жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба. Осыған байланысты жауапты мекемелерге құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, барлық жұмысты жоспарланған мерзімде аяқтау тапсырылды.
Семей теміржол вокзалы – Абай облысында жаңғыртылатын 10 вокзалдың ішіндегі ең ірі нысан. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында қолға алынған.
Айта кетейік, бұған дейін Бородулиха ауданындағы Ауыл және Белағаш ауылдарының теміржол вокзалдары жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Семеймен қатар Аягөз, Шар, Ақтоғай, Жалаңашкөл, Дегелең, Үшбиік және Жарма станцияларындағы вокзалдарды жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.



