Шаһарға жан бітірген жандар

Ескі ғимараттардың арасынан сәулетті сарайлар, иен жатқан даладан тұтас шағынаудандар бой көтергенде, оның артында кімдердің маңдай тері тұрғанын жиі ұмытып жатамыз. Құрылысшылар күні қарсаңында Абай облысында дәл осы қарапайым да ерен еңбек иелеріне арнайы құрмет көрсетіліп, елді мекендердің келбетін өзгертіп жатқан майталмандардың еңбегі еленді.

Салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр аймақ басшысы Берік Уәлидің атынан ізгі тілегін жеткізіп, құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ал облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Серік Тілемесов өңірдегі ауқымды жобалардың атқарылу барысынан хабардар етті. Абай облысы құрылған сәттен бастап ел игілігіне 89 әлеуметтік нысан берілсе, оның ішінде 8 білім беру, 67 денсаулық сақтау, 7 спорт, 4 мәдениет және 3 әлеуметтік қамтамасыз ету мекемесі бар. Сонымен қатар халықты баспанамен қамту бағытында бюджет қаражаты есебінен 48 көппәтерлі және 1381 екі пәтерлі тұрғын үй, ал жеке инвесторлар есебінен 92 көппәтерлі үй пайдалануға берілді. Бұл баспаналардың арасында несиелік және жалға берілетін пәтерлермен бірге әлеуметтік осал топтарға арналған үйлер де қарастырылған.
Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында Семей шаһары қарқынды құрылыс алаңына айналды. Мәселен, Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысының тартуы ретінде Рәміздер алаңының құрылысы аяқталды. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Маңғыстау облысы Достық үйін, Шымкент қаласы шығармашылық орталығын, Алматы қаласы медиаорталықты, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын салып жатса, қаланың сол жағалауында Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайының құрылысын бастады. Бұдан бөлек, Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Жетісу облысы Семейдің кіреберісіне қала қақпасын, Батыс Қазақстан облысы спорт кешенін, Қостанай облысы руханият орталығын, Астана қаласы 1500 орындық «Келешек» мектебін тұрғызуда, ал Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзенінің жағалауын абаттандыруды қолға алды.

Мерекелік жиын соңында өңір құрылысының дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған бірқатар сала мамандары Абай облысы әкімінің және Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің Алғыс хаттарымен марапатталды.


