Қала орталығындағы жаңа жоба
Құны 26 миллиард теңгені құрайтын «Semey Mall» жобасы Семейдің қалалық инфрақұрылымын жаңа деңгейге шығаруды көздейді.

Семейде қала инфрақұрылымына серпін беретін тағы бір ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Құны 26 миллиард теңгені құрайтын «Semey Mall» көпфункционалды сауда-ойын-сауық орталығы пайдалануға берілгеннен кейін мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашып, тұрғындарға сауда, демалыс және ойын-сауық қызметтерін бір кеңістікте ұсынбақ.
Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласын аралау барысында Абай көшесінің бойында салынып жатқан «Semey Mall» сауда-ойын-сауық орталығының құрылыс алаңына барып, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

Жеке инвестор қаржысына жүзеге асырылып жатқан жобаның құны – 26 миллиард теңге. Жалпы аумағы 40 мың шаршы метрді құрайтын кешенде бес кинозалы бар кинотеатр, фудкорт, қоғамдық тамақтану орындары, балалар ойын алаңы, сауда галереялары, бутиктер мен ірі сауда нүктелері орналасады. Сонымен қатар 184 орындық жерасты автотұрағы салынып, орталық пен бұрынғы зоовет институты ғимаратының арасы абаттандырылып, аллея жасалады.
Нысанды 2027 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоба іске қосылғаннан кейін мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Құрылыс алаңында болған облыс әкімі Берік Уәли жобаның қала үшін маңызына тоқталды.
– Халық бұл орталықтың ашылуын күтіп отыр. Қала тұрғындарының демалып, бос уақытын тиімді өткізетін заманауи кеңістікке сұранысы жоғары. Бұл – өңір үшін маңызды инвестициялық жоба. Құрылыс сапасы тұрақты бақылауда болады, ал жергілікті әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі, – деді аймақ басшысы.

Жалпы, соңғы жылдары Абай облысында туризм мен қызмет көрсету саласына салынатын инвестиция көлемі артып келеді. «Semey Mall» жобасы да өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, қаланың заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.



