Басты жаңалық

Ауруды емдегенше, алдын ал

Қазақстанда қатерлі ісікті ерте анықтау көрсеткіші қалай өзгерді?

«Медицинаның басты мұраты — ауруды емдеу емес, оның алдын алу және сапалы медициналық көмекті әрбір азаматқа қолжетімді ету».

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі жартыжылдықты қорытындылай келе, халық саулығын жақсартуға бағытталған жүйелі реформалардың алғашқы оң нәтижелерін жұртшылыққа ұсынды. Ресми деректерге сүйенсек, бастапқы медициналық-санитариялық көмек (БМСК) ұйымдарына профилактикалық мақсатта қаралу үлесі 33,7 пайызға жетіп, бекітілген 27 пайыздық жылдық жоспардан едәуір асып түсті. Әсіресе, адам өміріне тікелей қауіп төндіретін онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтау көрсеткіші айтарлықтай жақсарған: онкоскринингтермен қамту деңгейі 37,6 пайыздан 42 пайызға дейін көтеріліп, қатерлі ісіктердің ең ерте, яғни 0–I сатыларында анықталу үлесі 34,3 пайызды құрады. Дегенмен, ведомство өкілдері ауруларды ерте анықтау көрсеткіштері төмен болып отырған және пациенттерді медициналық ұйымдар арасында қайта бағыттау, яғни маршрутизациялау мәселелері бар кейбір өңірлерде бақылау мен жұмысты барынша күшейтетінін мәлімдеді.

Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тағы бір маңызды тірегі — фармация саласын цифрландыру және отандық өндірісті қолдау бағытында да оң серпін байқалады. Бірыңғай дистрибьютордың сатып алуларындағы отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесі 34,9 пайызға жетіп, 32 пайыздық жоспарлық межені бағындырды. Бұған қоса, дәрілік заттардың қозғалысын нақты уақыт режимінде цифрлық қадағалау көрсеткіші 77 пайызды құрап, дәрі-дәрмектің жеткізілу тізбегін толық бақылауға және өңірлердегі ықтимал тапшылық қаупіне шұғыл ден қоюға мүмкіндік беріп отыр. Фармацевтикалық қауіпсіздікпен қатар, білікті кадрларды сақтау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Соңғы үш жылда медицина қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларының көлемі 6,7 есеге артып, әсіресе өңірлер мен ауылдық жерлерге білікті дәрігерлер мен орта медицина мамандарын тұрақтандыру басты приоритетке айналды.

Сондай-ақ, министрлік еліміз бойынша орташа статистикалық оң көрсеткіштер жекелеген аумақтардағы өзекті проблемаларды көлегейлемеуі тиіс екенін қатаң ескертеді. Жартыжылдық қорытындысы бойынша белгіленген 24 негізгі көрсеткіштің пәрменді бақылауды талап ететін бесеуі бойынша өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына егжей-тегжейлі талдау жасап, шұғыл шаралар қабылдау жүктелді.

Жиын барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев сала басшыларына нақты талап қойды: «Ел бойынша орташа көрсеткіштер жекелеген аумақтардағы проблемаларды жасырып қалмауға тиіс. Жыл қорытындысы бойынша бізге себептерді түсіндіру емес, көрсеткіштердің нақты жақсаруы және халық үшін нақты нәтиже қажет».

Осылайша, екінші жартыжылдықта министрлік қол жеткізілген жетістіктерді орнықтырумен қатар, азаматтардың өмір сүру ұзақтығы мен сапасына тікелей әсер ететін негізгі индикаторларды жақсартуға баса назар аудармақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button