Басты жаңалық

Үздік бағаның басты құпиясы

Оқушының дұрыс ұйқы режимі қандай болуы керек?

Төсекке мезгілінде жату — жай ғана отбасылық әдет емес, мектептегі оқу үлгерімі мен бала денсаулығының басты кепілі. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын жазғы еркіндікке бой үйретіп қалған оқушыларды сабақ ырғағына бейімдеу ата-аналар үшін үлкен сынаққа айналады. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі бұл ауысу кезеңін бала ағзасына стресссіз өткізу үшін ұйқы режимін алдын ала қалыпқа келтіруді ұсынады. Мамандардың зерделеуінше, мектеп режиміне бірден емес, күн сайын уақытты аз-аздан жылжытып, біртіндеп көшкен абзал.

Ұйқының жеткілікті болуы баланың физиологиялық өсуіне ғана емес, когнитивті қабілеттеріне де тікелей ықпал етеді. Медициналық нормаларға сәйкес, 6–12 жастағы бастауыш және орта буын оқушылары тәулігіне 9–12 сағат толыққанды тынығуы тиіс болса, 13–18 жастағы жасөспірімдер үшін бұл меже 8–10 сағатты құрайды. Түнгі уақытта ми ақпараттарды жүйелеп, гормондар бөлінеді, сондықтан дұрыс ұйықтаған баланың зейіні зерек, есте сақтау қабілеті жоғары болып, сабақ барысында жаңа білімді жылдам меңгереді. Керісінше, ұйқысы қанбаған оқушыда енжарлық, тез шаршау және ашушаңдық сияқты психологиялық ауытқулар байқалуы мүмкін.

Сапалы ұйқыны қамтамасыз ету үшін ата-аналар біршама маңызды гигиеналық ережелерді орындауы керек. Ең алдымен, ұйықтар алдында кем дегенде бір сағат бұрын смартфон, планшет пен компьютер сияқты гаджеттерді пайдалануды шектеген жөн. Экранан бөлінетін көк жарық ұйқы гормоны — мелатониннің бөлінуін бұғаттап, мидың тынығуына кедергі келтіреді. Сонымен қатар баланы күн сайын, тіпті демалыс күндері де бір уақытта ұйықтатып, бір уақытта ояту әдетін қалыптастыру қажет. Бөлмені ұйықтар алдында желдетіп, ауаны салқындату, тыныш әрі қараңғы орта жасау ұйқының терең фазасына өтуге көмектеседі.

Әсіресе бұл үдерісте бірінші сынып оқушыларына ерекше назар аударған маңызды. Олар үшін мектепке бару — өміріндегі үлкен өзгеріс әрі когнитивті жүктеме, сондықтан бастауыш сынып балаларының ағзасы тез қажығыш келеді. Баланың күн тәртібін дұрыс ұйымдастыру арқылы ата-аналар оның оқуға деген ынтасын арттырып, иммунитетін нығайтуға үлкен үлес қосады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button