Экологиялық заңды бұзғандарға ірі айыппұл салынды

2025 жылы Абай облысының Экология департаменті жоспардан тыс 38 тексеріс жүргізді. Соның нәтижесінде 61 заң бұзушылық анықталды. Барлығына ескерту емес, нақты нұсқама беріліп, кемшіліктерді жою талап етілді.
Жыл ішінде 106 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 99 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Оның 97 млн теңгесі өз еркімен төленсе, қалған бөлігі мәжбүрлі түрде өндірілді.
Семейдегі ауыз су мен сарқынды суға жауапты «Семей Водоканал» кәсіпорны тексерілді. Зертхана нәтижесі бойынша тазартылған сарқынды судағы қатты қалдықтар рұқсат етілген мөлшерден 2,7 есе, хлоридтер 1,5 есе көп болып шықты. Осы үшін кәсіпорынға 52 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Компания сотқа шағымданғанымен, сот департамент шешімін күшінде қалдырды.
Қыркүйекте «Алел» қаржы-инвестициялық корпорациясына жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Суздаль учаскесінде циан қалдықтарына арналған бөгет экологиялық рұқсатсыз салынғаны анықталды. Нәтижесінде компанияға 15 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Экология департаменті табиғатты қорғау талаптарын сақтау қатаң бақылауда екенін хабарлады.



