Бақты мектебіне жаңарту жүргізілді

Абай облысының Мақаншы ауданына қарасты Бақты ауылындағы Б. Сахариев атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Білім ордасы 2016 жылы пайдалануға берілген. Мектеп 320 оқушыға арналған. Қазіргі уақытта мұнда 50 мұғалім мен 12 тәрбиеші еңбек етеді.

Облыс әкімі Берік Уәли бұған дейін ауданға жұмыс сапары барысында мектептің жай-күйімен танысып, бірқатар мәселені шешу жөнінде тапсырма берген болатын. Соның нәтижесінде білім мекемесінде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жөндеу барысында дене шынықтыру залы жаңартылып, шешінетін бөлмелер, жуынатын орындар мен әжетханалар жабдықталды. Сонымен қатар мектеп ішіндегі санитарлық тораптар ретке келтіріліп, технология кабинетінің едені ауыстырылды.
Атқарылған жұмыстар оқушылар мен ұстаздарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.



