Зияткерлік меншік Конституцияда қорғалады

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның 9-отырысында «Жібек жолы» телеарнасының директоры Еркежан Күнтуғанқызы жаңа Конституция жобасында авторлық құқық пен зияткерлік меншікті қорғау күшейтілетінін айтты.
— Жаңа Конституция жобасында авторлық құқық пен зияткерлік меншікті қорғау күшейтіледі. Журналистер, авторлар, креативті индустрия, IT мен ғылым саласы өкілдерінің еңбегі мемлекет тарапынан қорғалады деген сөз. Бұл сапалы контенттің көбеюіне жол ашады. Өйткені авторлық құқық мәселесі осы уақытқа дейін ең күрделі тақырыптардың бірі болды, — деді Еркежан Күнтуғанқызы.
Конституция жобасында жастардың саясатқа араласып, маңызды шешімдер қабылдау процесіне қатысуына да мүмкіндік қарастырылған. Бұл саяси жүйені жаңартып, жаңа буынның қалыптасуына жол ашады.
— Сонымен қатар алғаш рет Конституция деңгейінде табиғатты қорғау және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік бекітіліп отыр. Жалпы, жаңа Конституция жобасы құқықтарды қорғауды күшейтіп, түсінікті ережелер қалыптастырады. Бұл бүгінге ғана емес, болашаққа бағытталған маңызды құжат. Біз де осы өзгерістерді көрерменге түсіндіріп, кері байланысты жалғастыра береміз, — деді ол.



