Басты жаңалық

Абай ауданында жаңа серпін

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің аудан тұрғындарымен кездесуі Абай ауданынан басталды. Кездесуде өңір мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы жоспарлар талқыланды.

Аудан әкімі Мейіржан Смағұлов 2025-2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Өз кезегінде облыс әкімі өңірдегі негізгі көрсеткіштерге тоқталып, Абай ауданында жүзеге асырылып жатқан жобаларды атап өтті.

Облыста экономиканың барлық саласында оң өсім сақталуда. Құрылыс саласындағы өсім 123,1%, инвестиция – 116,1%, көлік – 115,8%, ішкі сауда – 105,3%, ауыл шаруашылығы – 103,8%, өнеркәсіп – 102%, байланыс саласы 101,5%-ды құрайды.

Абай ауданындағы негізгі бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы. Жеті айда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 34,3 млрд теңгеге жетті. Биыл шаруалар 15 жаңа техника сатып алды. Сонымен қатар жалпы құны 3,1 млрд теңге болатын үш инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Ауданда жаңа өндіріс орындарын ашу бойынша да ірі жобалар қарастырылған. Соның бірі — құны 255 млрд теңге болатын тау-кен байыту комбинаты. Жоба іске қосылған жағдайда 1 800 жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ ет комбинатын шикізатпен қамтамасыз ету үшін 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салу жоспарлануда.

Туризм саласында «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығы аумағында тәулігіне 1000 адамға дейін қабылдайтын «ABAY KUNANBAYULY VISITOR CENTER» визит-орталығын құру көзделген. Бұдан бөлек, 640 гектар аумақта «Taukum Жидебай» этнотуристік кешені мен 25 нөмірлі «Taukum Boutique Karaul» қонақ үйін салу жоспарланып отыр.

Кездесуде ауызсумен қамту, жылу және жол инфрақұрылымы мәселелеріне де назар аударылды. Архат ауылында су құбырларын қайта жаңғырту аяқталса, Кеңгірбай би мен Құндызды ауылдарында құрылыс жұмыстары жалғасуда. Қарауыл ауылында жаңа жылу қазандығын салу басталды. Жоба құны – 1,5 млрд теңге, нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Жолдарды жөндеу жұмыстары да жалғасуда. Биыл «Аягөз — Қарауыл — Семей — Қайнар» автожолының 51 шақырымын жөндеу басталды. «Қарауыл-Архат» бағытында 5 шақырым жол жөнделіп, тағы 5 шақырымында жұмыстар жүргізілуде.

Білім беру және спорт салаларында да бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Бекбосынов атындағы орта мектеп жөнделіп жатыр, Кеңгірбай би ауылындағы балалар лагерінің құрылысын аяқтауға қаржы қарастырылған. Көкбай және Саржал ауылдарында спорт модульдерінің құрылысы жүріп жатыр.

«Қазақстан халқына» қорының «Kitap-Lab» жобасы аясында Қарауыл ауылындағы орталық кітапхана, сондай-ақ Көкбай және Қасқабұлақ ауылдық кітапханалары жаңғыртылуда.

Аудандағы 11 ауылдық елді мекеннің барлығы интернет желісіне қосылған. «Жидебай-Бөрілі» туристік мекені мобильді интернетпен толық қамтылған. Сонымен қатар «Саржал – Орда – Медеу» бағытында талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде.

Кездесу барысында Абай аудандық ауруханасына жаңа санитариялық көліктер табысталды. Ауруханаға «А» сыныбындағы 1 JAC Sunray және 2 «ГАЗель-NEXT» көлігі берілді. Бұдан бөлек, тағы 4 санитариялық «Газель» көлігін беру жоспарланып отыр.

Аймақ басшысы Абай ауданын дамыту бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

«Қазақ руханиятының ең биік шыңдары мен алып бәйтеректері шыққан қасиетті Абай жері – ел тарихы мен ұлттық құндылықтар тоғысқан киелі мекен. Аудан тұрғындарымен кездесуімді Абай ауданынан бастап отырмын. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру – маңызды міндеттердің бірі. Аудандағы өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешілетін болады», – деді Берік Уәли.

Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың ескерілетінін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button