Аймақ тынысы

Дала дамуының жаңа серпіні

Жаңасемейде ауқымды агрокластер бой көтеріп келеді

Сарыарқаның батысы мен Ертіс өңірінің түйіскен тұсында бұрын-соңды болмаған ауыл шаруашылығы серпілісі орын алуда. Даладағы дәстүрлі мал шаруашылығы заманауи индустриялық өндірістік тізбекке айналып, өңір экономикасының жаңа драйверіне айналуға бет алды. Жаңасемей ауданының Приречный ауылы маңында бір мезгілде 5 мың бас ірі қараны бордақылауға арналған алып алаңның құрылысы қарқынды жүріп жатқаны – осының айқын дәлелі. Инвестициялық құны 1,9 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба аймақтың агроөнеркәсіптік әлеуетін мүлде жаңа деңгейге көтермек.

Жақында Абай облысының әкімі Берік Уәли аталған нысанның құрылыс барысымен арнайы барып танысты. «Eurasia Agro Semey» ЖШС құрылтайшысы Ерлан Мұқашевтің айтуынша, құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Бүгінде жоба аясында үш ірі цех бой көтеріп, қажетті заманауи техникалар толық сатып алынған. Инвестор берген уәдесіне сай, өңірдің барлық аумағынан мал сатып алып, Абай облысында тұтас ет кластерін қалыптастыруды көздеп отыр. Жобаның әлеуметтік маңызы да ерекше: құрылыс кезеңінде 250 адам еңбекпен қамтылса, нысан толық іске қосылғаннан кейін 200 тұрғын тұрақты жұмыс орнына ие болады.

Аймақ басшысы Берік Уәли бұл бордақылау алаңының Жаңасемей ауданында қалыптасып келе жатқан агроөнеркәсіптік өндіріс тізбегінің ең маңызды буыны екенін атап өтті. Ол Достық ауылдық округінде салынып жатқан, жылдық қуаты 11,5 мың тоннаға жуық ет комбинатын бордақыланған ірі қара малмен тұрақты қамтамасыз ететін болады. Яғни, мал өсіруден бастап, оны бордақылау мен терең өңдеуге дейінгі жұмыстар бір аумақта өзара сабақтасады. Облыс әкімі ет комбинатының құрылысы аяқталуға жақын екенін, таяу арада толық іске қосылуы тиіс екенін айтып, бордақылау алаңының жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. Нысан басында аймақ басшысы шаруашылыққа қарасты жайылымдарды аралап, мал азығы базасын қамтамасыз ететін жүгері алқабының жай-күйімен де танысты.

Достық ауылдық округінде бой көтеріп жатқан заманауи ет комбинаты іске қосылғанда өңірдегі ең ірі өңдеуші кәсіпорындардың біріне айналмақ. Нысанның өндірістік мүмкіндіктері бір ауысымда 100 бас ірі қара мен 1 000 бас ұсақ мал союға, сондай-ақ 3 тонна шұжық пен 5 тонна консервіленген өнімдер шығаруға есептелген. Жаңасемей ауданында бір-бірін толықтыратын бұл қос жобаның – бордақылау алаңы мен ет комбинатының – бір мезгілде іске қосылуы жергілікті өнім көлемін арттырып қана қоймай, облыстың агроөнеркәсіптік кешеніне тың серпін береді. Шығыстың аграрлық әлеуетін арттыратын бұл бастама өңір экономикасын өрге сүйрейтін негізгі тиек болмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button