Аймақ тынысы

Абай ауданында инвестиция мен өндіріс өсті

2025 жылдың қорытындысы бойынша Абай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер байқалды. Қазір аудан құрамындағы 9 ауылдық округ пен 2 елді мекенде 13 140 адам тұрады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Абай ауданының әкімі айтты.

Өткен жылмен салыстырғанда бірқатар көрсеткіш өскен. Инвестиция көлемі 112,7 пайызға артты. Бөлшек сауда 183 пайызға, көтерме сауда 124,4 пайызға көбейді. Өнеркәсіп өндірісі екі еседен асып, 236,2 пайызға жетті. Ал тұрғын үй құрылысы мен шағын бизнес көрсеткіштері әлі де толық қарқын ала қойған жоқ.

2026 жылға да нақты жоспар бекітілген. Келесі жылы негізгі капиталға 20 млрд теңгеден астам инвестиция тарту көзделіп отыр. Құрылыс жұмыстары жалғасып, 4 900 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Қазір ауданда ірі инвестициялық жобалар іске асуда. Соның бірі — «Абай–Шәкәрім» кесенесі маңында салынып жатқан «TauKum» этно-кешені. Жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады және 2029 жылы толық аяқталмақ. Қазіргі таңда нысанда 13 адам жұмыс істейді, ал жоба толық іске қосылғанда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Сонымен қатар кәсіпкер алдағы уақытта Қарауыл ауылында «TauKum Қарауыл» қонақ үйін салуды жоспарлап отыр. Қазір жер теліміне қатысты құжаттар дайындалуда.

Жуырда ауданда «LUKOIL» жанар-жағармай бекеті де ашылып, 10 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button