
Абай облысы ауқымды құрылыс алаңына айналып, өңірлік индустрияны жаңа белеске көтеретін серпінді жобаларды бірінен соң бірін іске асыруда. Осы қарқынның айқын көрінісі ретінде Жаңасемей ауданының Приречное ауылдық округінде «TANGSOLPAN» ЖШС кірпіш зауытының іргетасын қалау салтанатты рәсімі өтті. Өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жергілікті өнеркәсіпті жандандыратын маңызды шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли мен «Таңшолпан» ЖШС бас директоры Хажай Тұрсынғазы арнайы қатысты.
Жиында сөз алған аймақ басшысы Берік Уәли жаңа өндіріс ошағының инфрақұрылымды дамытудағы әлеуметтік-экономикалық маңызына кеңінен тоқталып, зауыттың ашылуы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті.
«Бүгін біз облысымыздың құрылыс индустриясын одан әрі дамытуға жол ашатын маңызды инвестициялық жобаның басталуына куә болып отырмыз. Жаңасемей ауданының Приречный ауылдық округінде «Таңшолпан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кірпіш зауытының құрылысы басталғанына қуаныштымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құрылыс индустриясы экономиканың маңызды бағыты екенін айтып, жергілікті өнім көлемін арттыру қажеттігіне үнемі назар аударып келеді. Президент Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттары сайлауынан соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында: «Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек. Әр облыс орталығында немесе аудандар мен қалаларда ірі құрылыстар жүргізіледі», – деп айрықша атап өткен болатын. Бүгінде Абай облысында экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға және жергілікті жерде бәсекеге қабілетті өнім өндіруге ерекше мән берілуде. Қазіргі таңда облыста бюджет қаражаты есебінен 22 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Президенттің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында Семей қаласында көптеген ғимарат салынып жатыр. Осы орайда облысымыз үшін құрылыс материалдарын өндіру саласының маңызы зор. Өңірде құрылыс қарқыны артқан сайын сапалы әрі қолжетімді отандық өнімге деген сұраныс та өсіп келеді. Жаңа зауыт соңғы үлгідегі заманауи, цифрлық технологиялармен жабдықталады. Мұнда жергілікті азаматтар жұмыс істейтін болады. Жаңа кәсіпорын ауданның дамуына серпін, тұрғындарға берекелі еңбек, өңірімізге мол өнім әкелсін», – деді облыс әкімі.

Қытайлық инвесторлармен бірлесе қолға алынған бұл жобаның жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Жалпы аумағы 3 гектарды алып жатқан заманауи кәсіпорын күніне 100 мың данаға дейін кірпіштің 4 түрін шығаруға қауқарлы. Ал зауыттың жылдық өндірістік қуаты 36,4 миллион дана кірпішке жетеді. Мұндай ауқымды өндіріс облыстағы құрылыс материалдарының тапшылығын жойып, сырттан келетін импортқа тәуелділікті едәуір азайтады.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында қызу жұмыс жүріп жатыр. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту мақсатында 25 мамандандырылған жұмысшы мен 10-ға жуық арнайы техника тартылған. Бекітілген кестеге сәйкес контейнерлер орнатылып, электр желілері тартылуда, сондай-ақ нысанды сумен үздіксіз қамтамасыз ететін арнайы ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары жүргізілуде.

Аудан өміріндегі бұл елеулі оқиғаға жергілікті жұртшылық та жоғары баға берді. Жаңасемей ауданының Қоғамдық кеңес төрағасы Қасен Сейітқасымов тұрғындар атынан ризашылығын білдіріп: «Бүгін ауданымыз үшін қуанышты күн. Себебі, шетелден инвестиция тартып, ең алғашқылардың бірі болып, ауданымызға технологиясы жаңарған, заманауи үлгідегі кірпіш зауыты салынғалы отыр. Қаншама жұмыс орындары ашылып, халық игілігіне қызмет етеді. Аудан жұртшылығы атынан алғыс айтамыз», – деп атап өтті.
Отандық өндірісті осылайша өркендету – Абай облысының құрылыс секторын жаңа белеске көтеріп, өңір экономикасының тұрақты дамуына берік негіз қалайды.



