Мақаншыда 118 пәтер пайдалануға берілді

Мақаншы ауданында тұрғын үй құрылысы бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізілуде. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 9 млрд 584 млн теңгеге жетіп, өсім 105,9%-ды құрады.
2025 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 9 196 шаршы метрге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 770 шаршы метрге артық, яғни өсім 169,4%.
Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту мақсатында ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды. 11 елді мекенде барлығы 59 екі пәтерлі тұрғын үй салынып, нәтижесінде 118 пәтер пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш (2024 жылы – 50 пәтер).
Салынған үйлер Мақаншы, Бақты, Ақшоқы, Қабанбай, Қарабұта, Қарабұлақ, Қаратал, Бекет, Көктерек, Көктал және Қаратұма ауылдарында орналасқан. Қазіргі таңда бұл баспаналарды тұрғындарға жалға беру жұмыстары жүргізілуде.
Аталған үйлерді сатып алуға облыстық және республикалық бюджеттен, сондай-ақ несие қаражаты есебінен 2 млрд 244 млн теңге бағытталмақ.
Бүгінде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 624 адам тұр. 2025 жылы сатып алынған 118 пәтердің 84-і 85 шаршы метрлік, ал 34-і 65 шаршы метрлік баспаналар.
Жалпы, Мақаншы ауданында тұрғын үй құрылысы қарқын алып, халықты баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.



