«Қозы Көрпеш – Баян сұлу»: махаббат дастаны монетаға енді

Қазақтың әйгілі махаббат дастаны «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» енді ұлттық нумизматика тарихында да көрініс таппақ. Қазақстан Ұлттық Банкі «Мифтер, аңыздар, әзіл әлемі» сериясынан Қозы мен Баянға арналған жаңа коллекциялық монеталарды айналысқа шығарады.
Ғасырлар қойнауынан жеткен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры – қазақ фольклорындағы мәңгілік махаббат пен жанкешті адалдықтың, өлмес сезімнің көркем шежіресі. Енді осы тағылымды хикаяның желісі монета дизайнынан да көрініс тапқан.
Жаңа коллекциялық монета мельхиор қоспасынан (МН 25) жасалған. Оны дайындау барысында тампонды баспа технологиясы қолданылған. Монетаның массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 миллиметр, номиналы – 200 теңге. Дайындау сапасы – «brilliant uncirculated», ал таралымы 7 мың дана.
Коллекциялық монеталар 2026 жылғы 2 қыркүйектен бастап Қазақстан Ұлттық Банкінің интернет-дүкені арқылы сатылымға шығарылады. Монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.
Айта кетейік, коллекциялық монеталар тек нумизматтар үшін құнды жәдігер ғана емес. Олар Қазақстанның бүкіл аумағында белгіленген номиналы бойынша барлық төлем түрлерінде қабылданады. Сонымен қатар еліміздің банктерінде банк шоттарына есепке алынуға, аударылуға, ұсақталуға және айырбасталуға жатады.



