Абай облысында жол қозғалысына қауіп күшейді

Абай облысында алдағы күндері ауа райының күрт нашарлауы күтіледі. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, 20–24 ақпан аралығында өңірде ауа температурасы -28…-30 градусқа дейін төмендеп, желдің жылдамдығы 14–16 м/с-қа жетеді. Сонымен қатар қалың қар жауып, көктайғақ пен көріну деңгейінің төмендеуі ықтимал.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға елді мекендерден аса қажеттілік болмаса шықпауға және ұзақ сапарларды кейінге қалдыруға кеңес береді.
Қазіргі уақытта Қалбатау – Көкпекті автожолында қозғалысқа шектеу енгізілген. Бұған дейін, 19 ақпанда Қалбатау мен Семей бағытында жол ережелерінің сақталмауы салдарынан екі жеңіл көлік соқтығысып, салдарынан 4 адам қаза тапқан.
Жалпы, 2025 жылы өңірде жол-көлік оқиғаларынан 51 адам көз жұмған. Оның 72 пайызы көліктердің соқтығысуынан болған.
Жол апаттарын азайту мақсатында жыл сайын ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 30 мың шаршы метрден астам жол жөнделіп, 1000-нан аса жол белгісі орнатылған. Сонымен қатар 40-тан астам стробоскоптық шам, 4000 сигналдық бағана, LED экрандар мен шу жолақтары қойылған.
Соған қарамастан, алдағы күндері ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдарда қосымша шектеулер енгізілуі мүмкін.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Абай облыстық филиалы жол пайдаланушыларды жол белгілерін қатаң сақтап, қауіпсіздік талаптарын орындауға шақырады. Негізгі мақсат – әрбір азаматтың діттеген жеріне аман-есен жетуін қамтамасыз ету.



