Жалаңашкөлде жаңа вокзал

Абай облысының Мақаншы ауданындағы Жалаңашкөл теміржол вокзалы толық жаңартылып, жолаушыларға қайта қызмет көрсете бастады. Жаңғыртылған нысанның ашылу салтанатына Абай облысы әкімінің орынбасары Бекжан Бапышев қатысты.
Жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңарту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Бағдарлама бойынша еліміздегі 124 теміржол вокзалын, оның ішінде Абай облысындағы 10 вокзалды жаңғырту көзделген.

1958 жылы салынған Жалаңашкөл вокзалының ғимараты қайта жаңғырту нәтижесінде айтарлықтай кеңейді. Нысанның аумағы 89 шаршы метрден 527 шаршы метрге дейін ұлғайып, вокзал көлемі шамамен төрт есеге артты.
Вокзалдың ішкі кеңістігі де толық жаңартылды. Жолаушылардың күтуі мен қызмет алуына арналған орындар заманауи талаптарға сай жабдықталды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін нысанға кедергісіз кіруге және оны еркін пайдалануға қажетті жағдайлар жасалды.
Бүгінде Жалаңашкөл станциясы арқылы тәулігіне орта есеппен 118 жолаушы өтеді. Станция Мақаншы ауданының көлік қатынасында маңызды орын алады. Мұнда «Астана–Достық», «Алматы–Достық», «Ақтоғай–Достық» бағыттарындағы пойыздар тоқтайды. Сондай-ақ жазғы маусымда «Семей–Жалаңашкөл» туристік пойызы қатынайды.
Жалаңашкөл вокзалы – биыл Абай облысында жаңғыртылып, пайдалануға берілген жетінші теміржол нысаны.
Бұған дейін маусым айында Бородулиха ауданындағы Ауыл және Белағаш станцияларының вокзалдары толық жаңартылып, пайдалануға берілген еді. 27 тамызда Курчатов қаласындағы Дегелең станциясының жаңа вокзалы жолаушыларға есігін ашты. Ал кеше облыс әкімі Берік Уәлидің қатысуымен Жарма ауданындағы Шар, Үшбиік және Жарма станцияларындағы жаңартылған вокзалдар салтанатты түрде іске қосылды.
Ал Семей, Аягөз қалалары мен Ақтоғай кентіндегі теміржол вокзалдарын қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған.
Вокзалдарды жаңғыртудың басты мақсаты – жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, қызмет көрсету сапасын арттыру және теміржол инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкестендіру.



