Басты жаңалық

«Қала хикаялары»: қаламгерлерге жаңа мүмкіндік

«Қала хикаялары» республикалық әдеби байқауына өтінім қабылдау басталды.

Байқау қатысушыларына қала мәдениеті, адам тағдыры, қоғамдағы өзгерістер, сондай-ақ ұлттық болмыс пен заманауи құндылықтардың сабақтастығы тақырыптарын көркем туындылар арқылы ашу ұсынылады. Жоба заманауи қаланың тынысын, ондағы әлеуметтік үдерістер мен адам өміріндегі өзгерістерді әдебиет арқылы зерделеуге мүмкіндік береді.

Байқауға Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Қатысу үшін көлемі кемінде 10 авторлық баспа табақты құрайтын, бұрын еш жерде жарияланбаған қала тақырыбындағы романдар қабылданады. Бір авторлық баспа табақ 40 мың баспа таңбасына тең. Әр қатысушы байқауға бір ғана шығармасын ұсына алады.

Өтінімдер 2026 жылғы 1 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында онлайн қабылданады. Қатысу үшін авторлар qoljazba.bookfund.kz сайты арқылы өтінім бере алады.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған шығармалар 15 мың данамен басылып, Қазақстандағы кітапханаларға таратылады. Бұл жоба үздік әдеби туындыларды оқырманға кеңінен таныстырып, қала тақырыбының қазіргі қазақ әдебиетіндегі дамуына ықпал етуді көздейді.

Қала өмірін, адам тағдырын және бүгінгі қоғамның өзгерістерін әдебиет арқылы жеткізгісі келетін авторлар байқауға қатысуға шақырылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button