Басты жаңалық

Абай ауданында саябақ ашылды

Абай ауданының орталығы Қарауылда жаңғыртылған саябақ пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысты.

Саябақ «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облыстық бюджет қаражаты есебінен толық жаңғыртылды. Жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарына қолайлы қоғамдық орта қалыптастырып, демалыс пен спортқа қажетті жағдай жасау.

Салтанатты шарада сөз алған аймақ басшысы жаңғыртылған саябақ ауыл тұрғындары үшін маңызды қоғамдық кеңістікке айналатынын атап өтті.

«Бүгін, тұтас ел көлемінде қызу қолдауға ие болған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының шеңберінде Абай ауданында ерекше маңызы бар демалыс орны қайта жаңғыртылып, пайдалануға беріліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Таза Қазақстан – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады» деп атап өткен болатын. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен жүзеге асқан бұл акцияның арқасында Отанымыздың әр облысы, қаласы мен ауылында көшелер абаттандырылып, саябақтар жаңғыртылып, ағаш-көшеттер отырғызылып, өңірдің өңі мен көркі кіріп келеді. Сол игі бастама бүгін Ұлылар елінде жалғасын тауып отыр. Халықтың сұранысын ескеріп, облыстық бюджеттен 80 миллион теңгеге жуық қаражат бөлдік. Нәтижесінде бүлдіршіндерден бастап, ауыл үлкендеріне дейін демалатын, салауатты өмір салтын ұстанып, болашақ чемпиондар дайындалатын ерекше қоғамдық кеңістік пайда болды. Абай елі – руханияттың алтын бесігі. Ұлы Абайдың туған жерінде әр нысанның көркі мен келбеті осы өлкенің мәртебесіне сай болуы тиіс. Сондықтан елді мекендерді көркейту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру – облыс әкімдігінің маңызды, басты бағыттарының бірі. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз», – деді Берік Уәли.

Жоба аясында футбол, волейбол және Street Workout алаңдары, сондай-ақ шахмат, теннис және тоғызқұмалақ үстелдері орнатылды. Саябақтың сыртқы жарықтандыру жүйесі де толық жаңартылды. Мұнда 79 жарықтандыру бағаны, 24 сәндік жарықтандыру тірегі және 55 LED шамы қойылды.

Сонымен қатар жалпы ұзындығы 900 метр қоршау жөнделіп, саябақ ішіндегі жаяу жүргіншілер жолдары мен алаңдарға шамамен 1200 шаршы метр тақтатас төселді.

Жаңғыртылған саябақ тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен айналысуына және қауіпсіз демалуына мүмкіндік беретін жаңа қоғамдық кеңістікке айналды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button