Басты жаңалық

Төтенше жағдайлар талқыланды

Семей қаласында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы төрағалық етті.

Күн тәртібінде 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық, газ қауіпсіздігі, шомылу маусымының қорытындысы, қысқы кезеңге тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен көлік инфрақұрылымын дайындау, сондай-ақ сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Жылыту маусымы қарсаңында тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. 2026 жылы әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың 1 238 тұрғын үйі есепке алынған. Өткен жылыту маусымында бұл үйлердің барлығы өрт сезгіштерімен қамтылды. Биыл тізім қайта жаңартылып, қауіпсіздік шаралары жалғасуда.

Газбен жабдықтау саласы да бақылауда. Қазіргі таңда қаладағы тұрғын үй секторын газбен жабдықтау қызметін сегіз ұйым көрсетеді. Биыл жоспардан тыс тоғыз көшпелі тексеру жүргізіліп, қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Шомылу маусымының қорытындысы бойынша қала аумағында тұрғындардың жаппай демалуына арналған «Заря», «Пристань» және «Затон» жағажайлары жұмыс істеді. Маусым барысында 665 рейд өткізіліп, тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелері туралы SMS-хабарламалар жіберілді.

Қысқы кезеңге дайындық бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Қаладағы 21 жылу көзінің 16-сы 100 пайыз дайын. Қалған бес нысандағы жөндеу жұмыстарын қыркүйек айында аяқтау жоспарланған. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар жылыту маусымын белгіленген мерзімде бастауға кедергі келтірмейді.

Көлік инфрақұрылымы бойынша қала көшелері мен автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстау үш учаскеге бөлінген. Мердігер ұйымдар арнайы техникаларын жаңартып, жолдарды қардан уақтылы тазалауға дайындық жүргізуде.

Сейсмикалық қауіпсіздік мәселесі де қаралды. Төтенше жағдай болған жағдайда тұрғындарды уақытша орналастыру және алғашқы көмек көрсету үшін қалада 81 қабылдау пункті қарастырылған.

Отырыс қорытындысында қала әкімі жауапты мекемелерге жылыту маусымы мен қысқы кезеңге дайындықты белгіленген мерзімде аяқтауды, өрт және газ қауіпсіздігін, жол инфрақұрылымы мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының тұрақты жұмысын бақылауда ұстауды тапсырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button