Егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр

Абай облысында күзгі жиын-терім жұмыстарының барысы қаралды. Бұл мәселе облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте талқыланды.
Жиынға облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, аудан және қала әкімдері қатысты. Күн тәртібінде бұдан бөлек өндірістік жарақаттанудың алдын алу, еңбек қауіпсіздігі және қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселелері де қаралды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл өңірде 790,9 мың гектар алқаптан өнім жинау жоспарланған. Оның 368,7 мың гектарын майлы, 275,6 мың гектарын дәнді дақылдар құрайды.
3 қыркүйектегі жедел дерек бойынша 129,7 мың гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды. Бұл жалпы алқаптың 47,1 пайызы. 136,4 мың тонна астық бастырылып, орташа өнімділік гектарына 10,5 центнерді құрады.
Сондай-ақ 1,4 мың гектардан 29,8 мың тонна картоп, 2,3 мың гектардан 59,3 мың тонна көкөніс және бақша дақылдары жиналды.
Қысқы мал азығын дайындау жұмыстары да жалғасуда. Қазірдің өзінде 888,7 мың тонна шөп, 16,5 мың тонна пішендеме, 13,1 мың тонна сүрлем, 32,1 мың тонна сабан және 35,8 мың тонна шоғырланған жем дайындалды.
Биыл дәнді дақылдардың жалпы түсімі 289,4 мың тонна, майлы дақылдар өнімі 530,9 мың тонна болады деп болжануда. Жиын-терім жұмыстарына 21 мың тонна дизель отыны бөлініп, 7 мың техника тартылды.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасына, аудан және қала әкімдеріне арзандатылған дизель отынын шаруашылықтарға уақытылы жеткізуді бақылауда ұстауды және егін жинау жұмыстарын агротехникалық мерзімде аяқтауды тапсырды.
«Жалпы, егін жинау науқаны жоспарға сәйкес жүргізілуде. Дегенмен, бүгінгі талқылаудан көріп отырғанымыздай, бірқатар бағыттар бойынша жұмысты күшейту қажет. Бірінші кезекте, егін жинау қарқыны төмен аудандарға ерекше назар аудару керек. Әрбір аудан бойынша нақты жағдай сараланып, егінді жинаудың белгіленген агротехникалық мерзімдерден кешігуіне жол берілмеуі тиіс. Екіншіден, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі толық бақылауда болуы қажет. Дизель отынының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне уақытылы жеткізілуі егін жинау жұмыстарының үздіксіздігіне тікелей әсер етеді. Үшіншіден, техника мен еңбек ресурстарының жеткіліктілігін алдын ала қамтамасыз ету қажет. Қажет болған жағдайда техникасы жеткілікті аудандар мен шаруашылықтардан тиісті қайта бөлу жұмыстарын ұйымдастыру керек. Төртіншіден, жиналған өнімді сақтау және өткізу мәселелері алдын ала шешілуі тиіс. Егінді жинап алғаннан кейін оны сақтайтын орын немесе өткізу мәселесі туындамауы керек. Жалпы, биылғы егін жинау науқанын сапалы әрі уақтылы аяқтау – ауыл шаруашылығы саласының ғана емес, облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты», – деді Берік Уәли.



