Басты жаңалық

Мемлекет басшысы ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен салтанатты іс-шараға қатысушыларды Ұстаздар күнімен құттықтады.

Мемлекет басшысының айтуынша, әр адамның жүрегіне жақын бұл мереке жалпыхалықтық сипатқа ие және бүкіл қоғамды біріктіреді.

– Ұстаз – әр адамның өміріндегі негізгі тұлға. Бұл пікірмен бәрі келіседі деп ойлаймын. Мұғалімге деген құрмет – өркениетті қоғамның кемелдігін айқындайтын маңызды белгі. Ұлы ойшыл Абай адам бойындағы адамгершілік қасиеттер жақсы тәлімгердің арқасында қалыптасатынын айтқан. Ұстаздық мамандыққа ерекше құрметпен қараған көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов: «Ұстаз – ұлы есім» деген. Ұстаздар қауымына құрмет көрсету, ұлт болашағы жолындағы қажырлы еңбегі үшін алғыс айту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Озық технологиялар қарқынды дамып, ақпарат ағыны артқан қазіргі заманда ұстаздың рөлі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Бұл – даусыз ақиқат, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде педагогтерге жан-жақты қолдау көрсету ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

– Белгілі болғандай, «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Мемлекеттік наградалар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бірқатар ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары дәрежелі ерекшелік белгісімен марапатталды. 5 қазан ресми түрде педагогтердің кәсіби мерекесі болып бекітілді. Бұл мерекені жыл сайын бүкіл ел болып атап өтеміз. Биыл да мереке күндері еліміздің барлық өңірінде әкімдер ұстаздарға марапаттар табыстап, ерекше құрмет көрсетуде. Ұстаздарды жалпыұлттық деңгейде ұлықтау дәстүрі жалғасын табады. Бұл – мемлекет үшін аса маңызды міндет, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Басқа жаңалықтар

Back to top button