Басты жаңалық

Семейде халықаралық «Сабантой» мерекесі өтеді

2027 жылғы маусымда Семей қаласында XVII республикалық халықаралық «Сабантой» мерекесін өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәлидің татар қауымдастығы өкілдерімен кездесуінде айтылды.

Кездесуге «Милли Шура» Дүниежүзілік татар конгресі төрағасының орынбасары, Қазақстан татарлары мен башқұрттары конгресінің төрағасы Тауфик Кәрімов және конгресс өкілі Рафаэль Хазипов қатысты.

Тараптар мерекені жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселелерін талқылап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ іс-шара аясында Абай облысы мен Татарстан Республикасы арасындағы мәдени және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар шара өткізу көзделіп отыр.

«Сабантой» – татар және башқұрт халықтарының ұлттық дәстүрлері мен мәдениетін дәріптейтін, достық пен бірлікті нығайтатын маңызды мерекелердің бірі.

Облыс әкімі мерекені Семейде өткізу өңірдегі этносаралық келісімді нығайтып, мәдени байланыстарды дамытуға және халықтар арасындағы ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Айта кетейік, бүгінде Абай облысында 12 мыңға жуық татар ұлтының өкілі тұрады. Өңірдегі этномәдени бірлестіктердің қызметі мен мәдени іс-шаралар түрлі этнос өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға үлес қосып келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button