Басты жаңалық

Қияр мен пияз арзандады

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны айтарлықтай төмендеді. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша баға өсімі өткен жылмен салыстырғанда үш есеге баяулаған.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі алаңында өткен кеңесте айтылды. Жиынға төрағалық еткен Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бағаны тұрақтандыру бағытындағы шараларды талқылады.

Ресми деректерге сәйкес, наурыз айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының орташа өсімі 0,3%-ды құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (0,9%) үш есе төмен. Ал жалпы бірінші тоқсандағы өсім 1,2% болып, былтырғы 3,8%-дан едәуір азайған.

Бағаның төмендеуі негізінен көкөніс өнімдерінде байқалды:

– қырыққабат – 1,9%-ға;

– қызанақ – 2,6%-ға;

– пияз – 10,9%-ға;

– қияр – 22,6%-ға арзандады.

Жыл басынан бері қияр бағасы жалпы 31,1%-ға төмендеген.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, баға мониторингі ел бойынша 12 мыңнан астам сауда нысанында жүргізіледі. Жалпы ішкі сауда жүйесінде 760 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, оның 300 мыңнан астамы азық-түлік саудасымен айналысады.

Қазіргі таңда министрлік өнеркәсіптік жылыжайлармен бірлесіп, қызанақ пен қияр бағасын тұрақтандыру бойынша меморандумдар жасауды пысықтап жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button