Құтқарушылар марапатталып, екі қызметтік көлік табысталды
Абай облысында Құтқарушылар күніне орай азаматтық қорғау саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Салтанатты жиында сала мамандарына ведомстволық наградалар табысталып, екі қызметтік көлік берілді.
Облыс әкімі Берік Уәли құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, адам өмірін сақтап қалу, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жолындағы еңбектерін атап өтті.
«Құтқарушы болу – қауіп-қатерге қаймықпай қарсы тұрып, өзгенің өмірі үшін жауапкершілік арқалау, ел басына күн туған сын сағатта батылдық пен жанқиярлықтың үлгісін көрсету. Адам өмірін сақтап қалуды азаматтық парыз, ел амандығын басты мұрат еткен сіздердің абыройлы еңбектеріңіз қашанда жоғары құрметке лайық», – деді Берік Уәли.

Мерекелік шарада Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградаларымен бірқатар қызметкер марапатталды. Атап айтқанда, Алмас Сүлейменовке «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», Евгений Одинцовқа «Құтқарушы», Берік Омаровқа «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгілері табысталды. Азаматтық қорғау органдарында 25 жыл еңбек еткен Сергей Құнанбаев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар маманға министрліктің алғыс хаттары берілді.
Өңірде құтқару қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да басымдық беріліп келеді. 2025 жылы Семейде жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілсе, биыл Алакөл жағалауында заманауи құтқару станциясы мен модульдік құтқару капсуласы іске қосылды.
Соңғы жылдары құтқару қызметтеріне 18 техника, 96 сирена-сөйлеу құрылғысы, 56 ұйымдастыру техникасы мен кеңсе жабдығы, сондай-ақ 1141 жабдық пен жарақ сатып алынған.
Ауылдық жерлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасуда. 2025–2026 жылдары «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы органдардың қарамағында 30 өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл шалғай елді мекендерде өрт қауіпсіздігін күшейтіп, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.


